Ақтөбе әуежайында 5 млрд теңгеге әуе отынын сақтайтын қойма салынады

Ақтөбе қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы әуежай жанынан авиаотын сақтайтын қойма салынады. Бұл қоймада жоғары сапалы ЈЕТ-А1 маралы отын сақталады.
Ақтөбе халықаралық әуежайын дамыту мәселесі облыс әкімдігінде өткен кеңесте қаралған.
Инфрақұрылымды жаңғырту аясында «ҚазМұнайГаз-Аэро» компаниясы жаңа жанармай құю кешенінің құрылысын бастады. Қазіргі кезеңде инженерлік-геологиялық зерттеулер аяқталған.
Жоба екі кезеңмен іске асады: алдымен мобильді жанармай құю кешені мен арнайы техникалар алынады, кейін сыйымдылығы 20,2 мың текше метр болатын резервуар паркі, теміржол құю-түсіру эстакадасы және диспетчерлік орталық салынады. Жобаның құны шамамен 5 млрд теңгені құрайды, 50-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады.
Кеңесте жүк инфрақұрылымын дамыту мәселесі де қозғалды. S SISTEM инвесторының қатысуымен заманауи логистикалық кешен салу жоспарланған. Бұл жүк өңдеу мүмкіндігін кеңейтіп, жеткізу мерзімін қысқартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етпек.
Облыс әкімі Асхат Шахаров терминалдың, ұшу-қону жолағының және жерүсті қызметтерінің болашақ жүктемеге дайындығына назар аударды. Сонымен қатар Ақтөбе–Атырау бағыты бойынша әуе қатынасын қайта жандандыру ұсынылды.
Әуежай басшылығы Ақтөбеден Баку, Мәскеу, Нячанг, Тбилиси және Үрімші бағыттарына жаңа рейстер ашу жоспары барын айтты. Нақты мерзімдер әзірге жарияланған жоқ.
Бұған дейін Энергетика министрі Ерлан Аккенженов мәжіліс куларында авиаотын бағасы неге қымбат болып келгенін түсіндірген. Оның айтуынша, әуежайлар ұшаққа отынды өздері құйып, монополия орнатып алған. Енді бұл құқық «ҚазМұнайГаз-Аэро» компаниясына берілген.