Әкімдер қандай кітап оқиды

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
әкімдер қандай кітап оқиды
фото ЖИ-мен жасалған

Осы айдың басында Тоқаевтың қатысуымен кеңейтілген үкімет отырысы өтті. Сонда президент қазіргі шенеуніктер ұзақ мәтінді оқымайды деп кінәлаған еді. Осы ретте шенеуніктер, оның ішінде, облыс басшылары кітап, газет оқи ма, оқыса қандай деген сұрақ туады. Kursiv.Media материалында анықтап көрді.

Біз он жеті өңір әкімінің баспасөз қызметіне хабарласып, облыс басшылары оқитын кітаптар немесе мерзімді басылымдар тізімін сұрадық. Он жеті өңірдің он бірінен жауап келді.

Ең көп кітап оқитын әкімдер

Келген жауаптарға қарап Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровқа «ең көп кітап оқитын әкім» деген атақ беруге болады. Ол классикалық философия мен технологиялық футурологияны жақсы көреді екен. Оның тізімінде Жүсіп Баласағұни – «Құтадғу білік»,
Әл-Фараби – «Қайырымды қала», Ерлан Сыдықов – «Құнанбай», Алек Росс – «Индустрии будущего» (The Industries of the Future), Кевин Келли – «Неизбежное: 12 технологических трендов, которые определят наше будущее» (The Inevitable) деген кітаптар бар

Павлодар басшысы Асайын Байханов соңғы жарты жылда Чарльз Монтгомеридің «Бақытты қала», Роберт Гриннің «The Laws of Human Nature» және Джефф Кокстың «Новая цель» атты кітаптарын оқып бітірген. Қазір Питер Тильдің «Нөлден бірге» және Грег Мортенсонның «Три чашки чая» кітаптарын оқып жатқан көрінеді.

Қолы бос уақытта кітап оқитын әкімдер

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қазақ қаламгерлерінің жанкүйері болып шықты. Соңғы оқыған кітабы ретінде Сайымжан Еркебаевтың «Жолдар мен шақырымдар» романын атады. Алда Қабдеш Жұмаділовтың «Тағдыр» романын оқуды жоспарлап отыр. Әкімнің командасы басшылары Сәбит Мұқанов, Әди Шәріпов, Шерхан Мұртазаның шығармаларын сүйіп оқитынын алға тартты .

Осы топқа Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевті де жатқыздық. Баспасөз қызметінің мәліметінше, жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты Ербол Шырақпайұлының кітап оқуға мүмкіндігі бола бермейді. Бірақ қолы қалт еткенде «көркем әдебиет пен танымдық шығармаларды» оқуға тырысады екен.

Ал Қостанай облысының Құмар Ақсақаловтың қандай кітап оқитыны белгісіз. «Қолым бос уақытта кітап оқуға тырысамын», – деп қысқа қайырған ол.

Интеллектуал әкім

Кітап оқудан Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің талғамы ерекше болды. Ұлытау басшысы Ли Куан Юдің «Үшінші әлемінен біріншіге» кітабын оқыған. Әлихан Байменовтың «Public Service Excellence in the 21st Century» атты еңбегімен танысқан екен. Бірақ бұл еңбекті қаншалықты түпнұсқада оқығаны белгісіз.

ЖИ-мен дос әкімдер

Қарағанды, Маңғыстау, Қызылорда облысы және Алматы, Астана әкімдерінің нақты қандай кітап оқығаны белгісіз. Бірақ баспасөз қызметі жіберген жауаптар өте ұқсас екені таңғалдырды.

  • «Ал кітап таңдауда урбанистика, экономика және мемлекеттік саясат саласындағы әдебиеттерге басымдық беріледі. Бұл еңбектер қалалар мен өңірлерді дамытуға бағытталған практикалық шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді.
  • Ал кітаптарға келсек, экономика және мемлекеттік саясат салаларындағы әдебиеттер оқиды.
  • Ал, кітап таңдауда урбанистика, экономика және мемлекеттік саясат бағытындағы еңбектерге басымдық береді. Қалалар мен өңірлерді дамытуға қатысты нақты әрі тиімді шешім қабылдауға ықпал ететін салалық әдебиеттерді оқиды.
  • Кітаптарға келсек, басты назар урбанистика, экономика және мемлекеттік саясат тақырыптарындағы әдебиеттерге, сол сияқты көркем шығармаларға аударылады.
  • Кітапқа келсек, урбанистика, экономика, мемлекеттік саясат туралы әдебиеттерді оқиды», – деген мәтіндер бес өңірден келген жауаптарда бірдей жазылған.

Осыған қарап талғамдары өте ұқсас немесе баспасөз командасы ЖИ-мен «жақсы дос» деген ой келді.

Ал 10 ақпанда Тоқаев сұхбатын ықылас қойып оқымаған шенеуніктерге сын айтқан еді.

«Интернет ұзақ мәтіндерді оқудан алыстатты. Оның үстіне кітаптар мен мақалаларды оқымай-ақ, мазмұнын тыңдай салатын мүмкіндік пайда болды. Бірақ бұл мемлекеттік қызметкерлерге жараспайтын әдет. Оқу керек. Әйтпесе, зейнет жасына жеткен кезде, ойлану қабілетінен айырылып қаласыздар», – деген президент сөзінде.

Сондай-ақ оқыңыз