«Кей пәндерді оқытпаған»: министр жекеменшік мектептер жайлы мәлімдеме жасады

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Мұғалімдер ресми демалыс күндері – 31 желтоқсаннан 4 қаңтарға дейін де мектепте болған / Аскар Ахметуллин, бильд-редактор: Адэлина Мамедова
Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова меншік нысанына қарамастан сапалы білім беретін мектептердің тізімі жасалып жатқанын мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, енді мемлекеттік және жекеменшік мектептер үшін талап бірдей болады. Сөзінше, 2025 жылы жекеменшік мектептер цифрландырудан өткен. Қазір бұл үдеріс мемлекеттік мектептерді де қамтып жатыр. Негізгі мақсат – ашықтықты қамтамасыз етіп, меншік нысанына қарамастан сапалы білім беретін мектептерді анықтау.

Сондай-ақ Сүлейменова жекеменшік мектептерде оқу стандарты толық орындалмай отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, тек пәндердің оқытылмауы ғана емес, өзге де өрескел заңбұзушылықтар тіркелген.

«Негізгі мәселеге тоқталғым келеді. Сабақ берілмеген, бірақ тіркелген балалар бар. Сонымен қатар оқу стандартын толық орындамаған, әскери дайындық, дене шынықтыру пәндері секілді пәндерді оқытпаған. Сондай-ақ өздерінің ғимаратының мақсаты келмейтін мектептер бар, яғни қоймада, моншада мектеп ашып, соны заңдастырып рәсімдемеген»,  – дейді министр.

Министрдің сөзінше, талаптарға сай келмейтін мектептерге мемлекеттік тапсырыс орналастырылмайды. Ал барлық стандарттарды орындайтын, ғимараты мен педагог құрамы талапқа сай білім беру ұйымдары жұмысын жалғастыра береді.

«Бұл – біздің негізгі талап, ұстанымымыз», – деді министр.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі білім саласындағы бюджет шығындарын азайтуға кіріскенін жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз