Азық-түліктен артылмайды: халық банкке ақша салуды азайтты

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Депозиттерге ақша салу қарқыны азайды / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандықтар соңғы уақытта артық ақшасын банкке салуды азайтқан. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) соңғы есебі бойынша, банктегі жинақтардың өсу қарқыны соңғы екі жылда алғаш рет күрт төмендеп, халықтың ақша жинау қабілетінің сыр бере бастағанын байқатады.

Халықтың ақша жинау белсенділігінің бәсеңдеуіне негізінен инфляцияның өсуі, қымбатшылық себеп.

2025 жылы инфляция деңгейі 12,3%-ға жетті, бұл алдыңғы жылдағы 8,6% көрсеткіштен айтарлықтай жоғары.

Бағаның мұндай өсімі халықтың нақты табысының 6%-ға төмендеуіне әкеп соқты. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жыл соңында нақты табыс индексі 94% деңгейінде тұрақтады.

Ақша азық-түлік сатып алуға кетеді

Қазіргі уақытта қазақстандықтардың тапқан табысы негізінен күнделікті тұтынушылық шығындарды жабуға жұмсалады.

ҚДКБҚ мәліметіне сәйкес, халық шығынының 92%-ы тұтынушылық мақсаттарға бағытталса, оның жартысынан көбі (52,3%) тек азық-түлік өнімдерін сатып алуға кетеді.

Негізгі мұқтаждықтардан артылған қаражаттың азаюы депозиттік нарықтың дамуын тежеп отырған басты фактор.

Депозит нарығындағы өсім қарқыны баяулады

Сыртқы кедергілерге қарамастан, бөлшек депозиттер нарығы бір жылда 14,7%-ға өсіп, 28,2 трлн теңгені құрады. Дегенмен соңғы үш жылдағы ең төменгі динамика болып есептеледі:

  • 2023 жылы өсім 20,6% деңгейінде болған;
  • 2024 жылы көрсеткіш 20,3%-ды құраған;
  • 2025 жылы өсім 14,7%-ға дейін төмендеді.

Қор өкілдерінің пікірінше, депозиттер әлі де болса қаражатты инфляциядан қорғаудың және тұрақты табыс алудың сенімді құралы болып қала бермек.

Бұған дейін 2025 жылы бизнес депозитте жатқан ақшасынан 1,8 трнл теңге шығңарып алғаны белгілі болған.

Сондай-ақ оқыңыз