Ташкентте адам ағзасын саудалап жүргендер ұсталды

Өзбекстанда адам ағзалары мен тіндерін заңсыз сатып алу-сатуға қатысы бар деген күдікпен бірнеше адам ұсталды.
Өзбекстанның Ішкі істер министрлігінің Жедел-іздестіру департаменті мен Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері адам ағзасын саудалағандарды Ташкентте қолға түсірген.
Kun ақпаратына қарағанда, олардың бірі – бұрын сотталған 1989 жылы туған азамат. Ол жұбайымен алдын ала сөз байласып, ағза сатып пайда табуды көздеген. Адамдардың жанашырлығын тудыратын бейнематериалдар дайындап, оларды интернетте және әлеуметтік желілерде жариялап отырған.
Жедел іс-шаралар барысында аталған азамат адам ағзалары мен тіндерін заңсыз трансплантациялауды жүйелі түрде ұйымдастырғаны белгілі болды. Атап айтқанда, ол Тәжікстанда «Истиклол» клиникасында белгілі бір адамдарға ота жасаған.
Сондай-ақ оның бүйрек трансплантациясы операцияларын өзі жүргізгені және бұл қызметке басқа адамдарды тартқаны анықталды. Олар Telegram, Instagram және YouTube әлеуметтік желілері арқылы жарнама жасап, клиент іздеумен айналысқан.
Аталған дерек бойынша күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 133¹-бабы 2-бөлігі (адам ағзалары мен (немесе) тіндерін адамдар тобы болып заңсыз сатып алу-сату) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оған қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алуға санкция берілген.
Айта кететін жайт, жыл сайын елімізде «Күту парағындағы» 300-ге жуық науқас донор тапшылығынан қайтыс болады.