2026 жылы Алматының бюджеті 2,8 трлн теңгені құрайды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: gov.kz

Бұл жөнінде қаланың кезектен тыс мәслихат сессиясында экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов мәлім етті.

Басқарма басшысының сөзінше, қаражат қаланың әлеуметтік саласына, инфрақұрылымы мен көлік жүйесіне жұмсалады.

«Тоғыз көшеде аумақтарды жаңарту және кешенді абаттандыру жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Бұған қоса, қаланың алты ауданындағы 159 ғимаратты, оның ішінде көппәтерлі тұрғын үйлерді, әлеуметтік және мәдени нысандарды сәулеттік-көркемдік жарықтандыру үшін қосымша 5 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр», – деп баяндады Құдайбергенов.

Депутат Дәурен Маралов көшелерді абаттандыру жұмыстарына бөлінген қаражат көлемі «айтарлықтай жоғары деңгейде» белгіленгеніне назар аударды. Ол бұл мәселе бойынша Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының басшысынан түсініктеме беруді сұрады.

«Біз қаланы жаңартудың маңызын түсінеміз, алайда қарастырылған бюджет қалалық ортаны түбегейлі жаңа стандартқа көшіруге жеткілікті болатынына көз жеткізгіміз келеді. Бұл стандарт жыл сайынғы түзетулер мен ұсақ жөндеулерді қажет етпеуі тиіс», – деді Маралов.

Батырхан Сүлейменов жұмыстарға қаражаттың көп бөлінуін қысқа мерзімді жөндеуден көшелерді кешенді реконструкциялау тәсіліне көшуге байланысты екенін айтты. Оның сөзінше, бұған дейін абаттандыру жұмыстары инженерлік инфрақұрылыммен үйлестірілмей жүргізілген. Соның салдарынан 3-5 жылдан кейін қайта жөндеу қажет болған.

Сондай-ақ оқыңыз