Вокзал, саябақ немесе гүлзар? Алматы толып кеткен мазараттарды не істейді

Алматы қаласында жалпы 70 зират бар. Ішінде тек тоғызы ашық тұр, қалғанына мәйіт жерлеуге рұқсат берілмейді.
Қаланың сәулет және қала құрылысы басқармасы берген ақпаратқа сәйкес, қаладағы зираттар 764 гектар жерді алып жатыр (бұған толып кеткен зираттар да кіреді).
KursivMedia қалада жабылған зират орнына не салынуы мүмкін екенін біліп көрді.
Ашық тұрған зираттар
Қалада Әуезов, Бостандық, Наурызбай аудандарында ашық тұрған зират жоқ. Бәрі жабылған. Қаладағы ашық әрі ең көп мәйіт жерленген зират Алатау ауданында орналасқан – 600 мың адам. Қазір бұл ауданда үш мазарат ашық. Бос тұрған жердің жалпы аумағы – 46,6 гектар.
Ал Медеу ауданында үш, Жетісу ауданында бір, Түрксіб ауданында екі зират ашық. Бос тұрған жердің жалпы аумағы – 13,9 гектар.
Жер кодексіне сәйкес, зираттар орналасқан жерден адамды жерлеу үшiн қабірге кемінде 6 шаршы метр жер учаскесi тегiн бөлiнедi. Қабірлердің арасы ұзындығы бойынша кемі бір метр, ені жағынан кемі 0,5 метр болуға тиіс. Осы есепке салсақ, бос 60,5 га (46,6 + 13,9) жер жүз мыңнан аса адамды жерлеуге жетеді.
Қалада жыл сайын мыңдаған адам қайтыс болады
Ұлттық статистика бюросы ақпаратына сәйкес, Алматыда коронавирус пандемиясы өршіген 2020 жылы 14,4 мың адам қайтыс болды. Одан кейінгі жылы 18 мың, Қаңтар оқиғасы болған 2022 жылы 12,2 мың адамның өлімі тіркелген.
Ал 2024-2025 жылдары 11-12 мың адамнан қайтыс болған.
Зират орнына не салуға болады
Қаладағы жабық зираттардың жалпы аумағы 704 гектарға жуықтайды. Демек, Алматыдағы жабық мазараттардың аумағы қаладағы Ботаникалық бақтан шамамен 7 есе үлкен.
Денсаулық сақтау министрі бұйрығына сәйкес, зират ашатын кезде оның орны келешекте саябақ не бақ салуға лайықталып таңдалады. Зиратты басқа жерге көшіру туралы шешім қабылданған жағдайда ол аумаққа рекультивация жүргізіледі. Ал зират аумағы оны көшірген уақыттан 20 жыл өткеннен кейін ғана пайдаланылады. Оның өзінде тек көшет отырғызуға болады.
Діни және салттық қызмет көрсететін сала мамандарының сөзінше, қаладағы 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағы, Family Park, Мүсірепов атындағы академиялық театр зират орнына салынған. Тіпті Абылай хан атындағы көше бұрын Старокладбищенск деп аталған. Алматыдағы екінші вокзалдың зират орнына салынғаны айтылады.
Редакция қала әкімдігінен жабық тұрған зираттардың «болашағы» туралы сұрады. Алайда әкімдік редакцияның зират орнына саябақ салу туралы жоспары бар-жоғына қатысты сұрағын жауапсыз қалдырды. Тек мұның қала құрылысы басқармасының құзіретіне кірмейтіні айтылған.
Крематорий дайын тұр
Алматыда крематорий салу туралы бастама 2020 жылы коронавирус пандемиясы тұсында көтерілді. Содан кейін нысанның құрылысы басталып, крематорий дайын болды. Алайда қала әкімі Дархан Сатыбалды 1,5 млрд теңгеге салынған нысанның қашан пайдалануға берілетіні белгісіз деп мәлімдеді. Артынша 2026 жылы заңға өзгерістер енгізіліп, крематорийдің пайдалануға берілетіні айтылды. Дей тұрғанмен қазірге дейін нақты күні жарияланбады.
Бастапқыда нысан ішінде екі кремация пеші, тиеу жабдықтары, күлді өңдеу жабдықтары болатыны айтылған. Тіпті медициналық қалдықтарды жоюға да пайдалану жоспарда болды.