Сабина Алтынбекова өзі жайлы жазған редакцияны сотқа бермекші

Спортшы Сабина Алтынбекова өзінің отбасылық статусы туралы жазған БАҚ-ты сотқа бермекші. Ол Orda.kz сайтына жария шағым тастады.
Мәселенің мән-жайы
16 ақпанда Orda.kz сайтында Әзербайжандағы спорт жиыны туралы жаңалық шықты. Оның мазмұнына сүйенсек, Бакуде ҰОК басшысы Геннадий Головкин мен Сабина Алтынбекова бір шарада кездескен. Материал «Головкин бір күнге Бакуге барды. Сол жерде ажырасқан Сабина Алтынбекова да болды» деген тақырыппен шықты.
Көпшілік тақырыпты да, оны жазған журналистерді де сынға алды.
Сабина Алтынбекованың реакциясы
Алтынбекованың жазуынша, басылымда волейболшы туралы 15-ке жуық материал шыққан. Материалдардың көпшілігі «ажырасқан Сабина Алтынбекова» деген тақырыппен жазылған. Спортшы оның барлығын ауыстыруды талап етті.
«Мен жеке өмірім туралы ақпарат таратуға рұқсат берген жоқпын. Ақпаратты бұлай беру менің ар-намысымды, абыройымды қорлайды. ҚР заңнамасында кепілдік берген жеке өмірге қол сұғылмаушылық туралы құқығымды бұзды», – деп жазды ол инстаграм парақшасында.
Осыған байланысты Алтынбекова Orda.kz редакциясынан:
- Ол жеке өмірі туралы жазылған материалдарды өңдеуді немесе өшіруді
- Жеті күн ішінде ресми түрде кешірім сұрауды талап етеді.
Талаптар орындалғаннан кейін жазбаша түрде Сабинаға хат жіберуі керек. Егер спортшының сұрауы орындалмаса, құқығын қорғап, моральдық өтемақы талап ету үшін сотқа беретінін айтты.
Менің отбасылық статусым менің құндылықтарымды анықтамайды
«Ажырасқан депті. Әйел емес, тұлға емес, спортшы емес. Дәл «ажырасқан» деп жазған. Бірақ ажырасу ол таңба емес, ол – өмірдегі бір кезең. Мен әйелмін, анамын, кәсіби маманмын. Менің отбасылық статусым менің құндылықтарымды анықтамайды», – деп жазады Сабина болған жағдай туралы.
Әзірге Orda.kz басылымы бұған қатысты пікір білдірмеді.
Редакцияның бас редакторы бұған дейін Гүлнәр Бажкенова екі айға үй қамаққа алынған. Бірнеше рет жалған ақпарат таратты деген күдікпен оған қылмыстық іс қозғалған.