Мектепке бөгде зат әкелетін баланың бәрін бақылау мүмкін емес – сенатор

Бұрын ішкі істер министрінің орынбасары болған, қазір сенатор Марат Қожаев мектепке балта алып кірген баланың оқиғасынан кейін білім ордаларында қауіпсіздікті күшейту мәселесі жөнінде ойын айтты.
Сенатордан журналистер жоғарғы палата кулуарында осы мәселе жөнінде пікірін сұраған. Депутат балалар мектепке кез келген нәрсені алып кіруі мүмкін екенін жоққа шығармады.
«Балаларды бастан-аяқ ешкім тінтімейді. Меніңше, олай тінтудің өзі дұрыс емес. Егер балаларды бала кезінен бастап күш құрылымдарының әдісіне сай тінтіп қарап, қалтасын қарасақ – ол болмайды. Оның бәрі тәрбиеге байланысты. Сол себепті мектепке балта алып кірген оқиғадан кейін белгілі бір қорытынды жасалуы мүмкін. Балтаны мектепке алып кіру де оңай шаруа емес. Біздің мектептерде мамандандырылған күзет қызметі жоқ. Білім ордаларының қауіпсіздігіне қаражаттың аздығына байланысты зейнеткер аталар мен әжелер отырады. Содан кейін балалар кез келген нәрсені алып кіруі әбден мүмкін», – дейді ол.
Сенатор бәрін бақылау мүмкін емес екенін де атап өтті.
«Бәріміз бала болғанбыз. Күні ертең күзет қызметкерлері немесе мұғалімдер балалардан бөгде заттарын тартып ала бастаса, ата-аналар шулап шыға келеді», – дейді ол.
Еске сала кетейік, жақында Атырау облысы Құлсары қаласында мектеп оқушысы басқа балаларға балта ала жүгірген оқиғадан кейін тиісті шара қабылданды. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова аталған мектептің директоры қызметінен босатылғанын мәлімдеген еді.