Президенттің құзырында – Әшімбаев вице-президент кім болады деген сұраққа жауап берді

Сенат төрағасы кулуарда журналистердің «елде вице-президент кім болады» деген сұрағына жауап берді.
Әшімбаев мұндай әңгімелердің бәрі керексіз бағытқа қоғамдық дискурсты бұратынын айтты. Сол әңгімелердің бәріне ешқандай негізі жоқ екеніне де тоқталып өтті. Қазақстан халқы жаңа Конституция жобасын қолдап дауыс берсе, референдумнан кейінгі кадрлық сұрақтардың бәрі елдің жаңа Конституциясына сай реттелетінін мәлім етті.
«Президенттің айрықша өкілеттігіне кіретін сұрақтар легі бар. Қазір де солай: жаңа Конституция қабылданған соң қандай да бір лауазымды тұлғаны тағайындау, қандай да бір үміткерді Құрылтай қарауына енгізу мәселелері мемлекет басшысының құзырында болмақ», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат төрағасы бұл тақырыпты талқылау немесе сол жөнінде пікір білдіру – қате әрі артық деген пікір білдірді. Сөз соңында Әшімбаев Сенат тараған соң жаңа Конституция қабылданса, кез келген жерде ары қарай елге қызмет ете беретінін, Мемлекет басшысының бастамаларын іске асырып, әділетті, демократиялық, әлеуметтік, инновациялық Қазақстанды құруға көмектесетінін жеткізді.