Жаңа Конституция жобасы асығыс қабылданып жатқан жоқ па

Конституция тым асығыс талқыланып жатқан жоқ па? Бүгін кулуарда тілшілер Сенат спикері Мәулен Әшімбаевқа осындай сұрақ қойды.
«Тез қабылданып жатқан жоқ. Алты-жеті ай бойы үлкен талқылау болды. Бұған дейін осындай талқылаулар болып па еді? Конституцияға оған дейін де өзгерістер енген, 1995 жылы. Бірақ ол кезде ондай талқылау да болған жоқ. Осы талқылаудың қарқынына, басқа жерде осындай жиындар өтіп жатқандықтан, осы Конституция жалпыұлттық талқылаудың негізінде қабылданып жатыр деуге толық негіз бар», – дейді ол.
Әшімбаев 15 наурызда қазақстандықтарды жаппай референдумға қатысып, дауыс беруге шақырды.
«15 науырзда алыс емес. Уақыт деген зымырап өтіп жатыр. Екі-үш аптада ол да келіп қалады. Осы мүмкіндікті пайдаланып барша қазақстандықтарды ел үшін жауапты кезеңде үлесіңізді қосып, референдумда өз пікірлеріңізді білдіруге шақырамын», – деп қорытындылады Сенат спикері.
Жаңа Ата Заң жобасына қатысты референдум 15 наурызда өтеді. Референдумда «Жобасы БАҚ-та 2026 жылдың 12 ақпанында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген бір сұрақ қойылмақшы. Бұл саяси науқанға 20 млрд теңге қаржы бөлінді.