Шайдоровтың шабыт толқыны: өңірлерде мәнерлеп сырғанау үйірмелері бар ма

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Михайл Шайдоров Милан Олимпиадасынан алтын медаль алғаннан кейін жас буынға шабыт беріп, ата-аналар балаларын мәнерлеп сырғанау секцияларына бере бастауы мүмкін. Мұндай жағдайда өңірлерде балаларды қабылдайтын мұз айдындары мен тиісті мамандар жеткілікті ме? KursivMedia тілшісі осы сұрақты Қазақстанның Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевқа қойды.

Вице-министрдің айтуынша, қазір қоғамда Шайдоровтың кезінде «Рамсторда» жаттыққаны туралы пікір қызу талқыланып жатыр. Шынында, спортшы алғашқы қадамдарын қарапайым мұз айдындарында бастаған. Алайда бүгінде жағдай өзгерген. Сөзінше, Алматы мен Астанада мұз айдындарына тапшылық жоқ. Алматыда үш ірі спорт нысаны жұмыс істейді. Ал Олимпиада чемпионының жеңісінен кейін мәнерлеп сырғанауға қызығушылық одан әрі артатынына министрлік сенімді.

«Өңірлердегі жағдайға келсек, соңғы жылдары инфрақұрылымды дамыту бағдарламалары аясында облыс орталықтарында көптеген мұз айдыны салынып жатыр. Дегенмен, кей жерлерде уақыт кестесіне байланысты шектеулер болуы мүмкін. Себебі бір мұз айдынын бірнеше қысқы спорт түрі –  мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, коньки спорты қатар пайдаланады. Сондықтан біздің міндетіміз – жағдай жасау. Егер тапшылық болса, оны бағдарламалар арқылы реттейміз», – деді Жарасбаев.

Еске салайық, Қысқы Олимпиада да Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан чемпион атанып, елге 32 жылдан кейін Қысқы жарыстың алтынын әкелді. Осы жеңісі үшін әнші Димаш Құдайберген оған көлік, ал отандық құрылыс компаниясы үш бөлмелі пәтер сыйлады.

Шайдоров чемпион атанғаннан кейін оның бір кездері «Рамстор» сауда орталығындағы мұз алаңында жаттыққаны белгілі болды. Кейін республикалық, халықаралық жарыстарға қатыса бастаған соң Ресейге көшіп, сол жақтағы мамандармен бірге жұмыс істеген. Бүгін Сенат кулуарында Спорт және туризм министрлігі бұл қалыпты тәжірибе екенін айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз