Қазақстан халқы көмірден бас тартуды қолдайды – зерттеу

Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізеді. 2004 жылы ел үкіметі осындай уәде берген. Бірақ оның екінші ұшы бар. Осы уақытқа дейін шикізат өндірумен айналысып келген шағын қалалар үлкен өзгеріске ұшырайды. Кейбір кәсіпорындар жабылып, орнына жаңа зауыттар ашылады. Бұл жергілікті халыққа қалай әсер етеді? Олардың көңіл-күйі қандай? Орталық Азия Университетінің бас зерттеушісі, Дамудың жоғары мектебінің қалалық даму бойынша жетекшісі Мадина Жүнісова және Narxoz University профессоры, әлеуметтанушы Мира Маульшариф түсіндіріп берді. Мамандар шикізат өндіруші қалалардың тұрғындарына арнайы әлеуметтік зерттеу жүргізген.
Мадина Жүнісова: Біз бұл мәселемен бұрыннан бері айналысып жүрміз. Шыны керек, Қазақстанның көміртектен бас тарту туралы мәлімдемесі бізді біраз алаңдатты. Кейін осы стратегиямен кеңінен танысып, оның кен өндіруші аймақтарға қалай әсер ететінін түсіну үшін зерттеу жүргіземіз деп шештік. Еліміздегі өнеркәсіптік, кен өндіруші және кен өндірмейтін қалалардан бір мыңнан астам тұрғын қатысты. Қатысушылардың тең жартысы – әйелдер, жартысы – ерлер. Нәтижеге сүйенсек, халық климаттың өзгеруіне, экологияның ластануына және өз денсаулығы мен болашағына шынымен де алаңдаулы. Әрине, тұрғындар көмірден бас тартуды қолдайды.
Бірақ, өкінішке қарай, қазір тұрақты болашақ туралы билік пен қарапайым халық арасында диалог әлсіз. Халық та жұмысымыздан айырылып қаламыз деген қауіп бар. Сондықтан өндіруші қалаларға барып, тұрғындармен сөйлесу, ақпараттық науқан жүргізу өте маңызды. Тұрақты болашақ, тұрақты даму мақсаттары, оған қалай жетуге болатыны жайлы жіті түсіндіру керек.
Өндіруші қалалар дегенде қандай қалаларды зерттедіңіздер?
Мира Маульшариф: Біз қалаларды бірнеше типке бөлдік: республикалық маңызы бар қалалар, индустриялық қалалар, индустриялық емес қалалар және монқалалар бар. Жалпы алғанда, Қазақстанның 19 қаласын қамтыдық. Шағын қалалардағы негізгі кіріс көзі – индустрия. Яғни оларды өндіріс ошақтары, зауыт фабрикалары асырап отыр.
Кей отбасында атасы да, әкесі де, тіпті баласы да зауытта жұмыс істеген. Отбасылық кәсіпке айналған. Ұзақ жылдар кен орнында жұмыс істеген мамандар үшін қала жай ғана жұмыс орны емес, олар мәдени тұрғыдан сол жермен біте қайнасып кеткен. Тамырын сол жерде жайған. Өз қалаларын жақсы көреді және экологиясы мен зауыттардың жабылуна бей-жай қарай алмайды. Ол адамдардар өзгерістен де жақсы нәрсе күтеді. Жасыл экономикаға өткенде өмірі жақсарады деп үміттенеді. Ауа тазарып, жаңа жұмыс орындары ашылады деп сенеді. Зерттеуімізге сүйенсек, олар өзгеріске дайын.
Кейбір моноқалаларда пессимизм бар екенін де рас. Олардың өмірі кен өндірумен, зауыттағы өмірмен тығыз байланысты. Оның экологияға, денсаулыққа әсерін өздері байқап жүр. Кейбірі көшіп кетуге де дайын. Жұмыс орнын өзгерткісі келеді. Бірақ оны алмастыра қоятындай басқа әртараптандырылған экономика жоқ. Өндірісте жұмыс істеуден басқа таңдау аз. Сол себепті біраз пессимизм байқалады.

Бұл барлық аймақтарға тән дүние ме?
Мадина Жүнісова: Иә, солай деуге болар. Себебі еліміздің бүкіл экономикасы, өкінішке орай, шикізатқа тәуелді. Өндіретін барлық шикізатты тек ел ішінде ғана пайдаланбаймыз. Мысалы, көмір бізге жылыну үшін ғана қажет деп айтуға болмайды. Оны экспортқа шығаратынымызды мойындау керек. Сондықтан шикізат – экономикамыздың негізі. Егер өндіріс тоқтаса, ел экономикасы да тоқтайды.
Елдегі өндіруші қалаларда өндірісі жоқ болса да, олардың болашағына әділетті қарауымыз керек. Мысалы, Батыс Қазақстанда жасыл сутегі өндіргісі келеді. Бұл жаңа сектор ғой, солай емес пе? Бірақ ол сектор жергілікті халыққа қаншалықты әділетті болады? Олар бұдан не алады? Сол жағын ұмытпау керек.
Мойындау керек, қазір аймақтық саясат толық қалыптаспаған. Иә, бізде 2025 жылға дейінгі аймақтық даму бағдарламасы болды. Оны «Жол картасы» деп те атайды. Бірақ ол қалаларды қандай болашақ күтіп тұрғанын және олармен не болатынын әлі білмейміз. Міне, билікпен ең бірінші осы жайлы сөйлескіміз келеді, сол жайлы диалогты бастағымыз келеді.
Сіздер айтып отырған болашаққа өту процесі ауқымды қаржыландыруды қажет ететіні сөзсіз. Саланы қаржыландыру мәселесі қазір қаншалықты шешілген?
Мадина Жүнісова: Маңызды сұрақ. Жалпы қаржыландыру мәселесін бүкіл фискалдық жүйені реформалау арқылы шешуге болады. Мәселе тек салық салуда емес, әділ салық салуда тұр. Егер сіз Атыраудан салық алып, оны Алматыға инвестицияласаңыз, бұл онша әділетті емес, келісесіз ғой? Яғни, мұнда фискалдық саясатты біраз өзгерту қажет. Өкінішке орай, бізде ондай жоқ. Соның салдарынан үнемі үлкен теңсіздік туындайды. Бізде фискалдық бөлу деген ұғым бар, яғни донор аймақтардан алып, басқа өңірлерге берілетіндей. Бірақ ол жүйені тиімді деуге келмейді.
Әрине, қаржы қажет, бірақ ақша әділ бөлінуі керек. Бізге зерттеу қажет. Қазір Жаңаөзен, Екібастұз сияқты негізгі моноқалалардың қажеттіліктерін зерттеу үшін қаржыландыру іздеп жатырмыз. Бұл жоба мемлекетке де тиімді. Егер мемлекет те халықпен диалог болса, қоғамда түрлі әлеуметтік наразылықтар болмайды.
Айта кету керек, кен өндіруші компаниялар да осы диалогты қалайды. Ол компаниялардың да көміртегі бейтараптығына жету бойынша өз күн тәртібі бар. Алайда компаниялар мен қарапайым халық арасында да диалог жеткілікті деңгейде емес. Екі жақтың көзқарасы, күн тәртібі де әр түрлі. Егер мемлекет-халық-өндіруші компаниялар арасында тұрақты болашақ болсын десек, бізге ең бірінші диалог керек.

Мира Маульшариф: Біз сауалнамада сыбайлас жемқорлық, сенімсіздік деген сияқты сөздерді әдейі қолданбадық. Жай ғана «пессимистік» немесе «негативті» жауабыңыздың себебін көрсетіңіз деп сұрадық. Бірақ ашық сұрақтарда адамдар сыбайлас жемқорлық туралы айтты. 40%-дан астамы қаржыландырудың адал және әділ бөлінетініне және тиісті жеріне жететініне сенбейді. Жергілікті билік органдарының жұмысына сенімсіздік көп. Себебі ұлттық деңгейде жүргізілетін барлық саясат жергілікті деңгейге өте дұрыс жеткізілмейді.
Жергілікті басқару органдарында білім, дайындық немесе тұрақты дамуға қол жеткізу процесін басқаруға қажетті ресурстар жеткіліксіз. Бәлкім бюджет жетіспейді немесе басқа да себеп бар шығар.
Бұл зерттеудің нәтижелері практикада қалай қолданылады?
Мира Маульшариф: Біріншіден, біз бұл тақырыпты одан әрі дамытып, тереңірек зерттегіміз келеді. Тәжірибеде көпшілікке арналған дәрістер мен дебаттар өткіземіз. Солай үкіметке үнімізді жеткізуді мақсат тұтамыз. Астанада болғанымызда түрлі талдау орталықтарымен, экономикалық зерттеу институты және министрліктердің өкілдерімен жеке кездестік. Оларды осы тақырыпты дамытуға және үкіметке жеткізуге тарттық. Біздің зерттеуіміз, ақпаратымыз олар үшін сенімді дереккөз болады деп сенеміз. Мұқият зерттеу жүргіздік, іріктеумен мұқият жұмыс істедік. Сондықтан бұл деректер өте сенімді.
Мадина Жүнісова: Қазір Экономикалық зерттеу институтынан үміттіміз. Себебі олар ұлттық экономика министрлігін ақпараттандыратын негізгі аналитикалық институт. Біз олармен ынтымақтастықты жалғастырғымыз келеді. Ол жаңа өңірлік саясатты қалыптастыруға ықпал етеді деп үміттенеміз.