Әміржан Қосанов жұбайына жеті мәрте алғыс айтты

Әміржан Қосанов жұбайының туған күнінде әлеуметтік желі арқылы жеті мәрте алғыс айтып, жүрекжарды құттықтау арнады.
Саясаткер Роза Мұратқызына деген сезімін осылай жеткізді.
«Алдымен сені дүниеге әкелген әке-шешеңе рахмет! Осыдан 36 жыл бұрын менің сөзімді қабыл алып, осы күнге дейін жұбымыз жазылмай, қол ұстасып, өмірдің қызығы мен шыжығын бірге көріп, ыстығына бірге күйіп, суығына бірге тоңып келе жатқаныңа рахмет!», – деді саясаткер.
Үшінші рахметін «ашық саясатта жүріп, ұрылып, соғылып, сотталып, датталып, абақтыға жабылып, тар жол тайғақ кешіп, қиналған шақтарда» қасында болғаны үшін айтқан.
«Басқалардай неге үлде мен бүлдеге оранбаймыз?» – деп, ел қатарлы, қоңыр тірлік кешіп келе жатқан мені жазғырып, кінәламағыныңа рахмет! Әке-шешеме адал да жайлы келін боп, анамның сырлас құрбысы болғаныңа рахмет!» – деп жазды Әміржан Қосанов.
Соңғы екі алғысын ұл-қыздарын дүниеге әкеліп, жұмысбасты боп жүргенде оларды бағып-қағып, жақсы тәрбие бергені және «аса жайлы емес» күйеуінің пендешілігіне, қырсық пен қисықтығына шыдап, отбасын сақтап келгені үшін арнаған.
«Мен сені жақсы көремін! Келесі мерейтойларға бірге жете берейік!» – деді саясаткер.
Мұның алдында Әміржан Қосанов сайлаудағы бұрынғы қарсыласы, қазіргі президентке хат жазған еді.