Қазақстанда қан тапсыратын донорлар азайып кетті

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Елдегі донорлық деңгейі 1 000 адамға шаққанда 12 донация / Фото: shutterstock

Қазақстанда тұрақты қан донорларының саны азайып барады. Соның салдарынан ауруханаларға қан компоненттерін уақытылы жеткізу қиындап, тапшылық қаупі артып отыр. Бұл туралы сенатор Әлішер Сатвалдиев өзінің депутаттық сауалында мәлім етті.

Оның мәліметінше, елдегі донорлық деңгейі 1 000 адамға шаққанда 12 донация. Бұл көрсеткіш Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынатын межеден едәуір төмен.

Материалдық және моральдық ынталандырудың кешенді шаралары қолданылатын елдерде бұл көрсеткіш 1 000 адамға шаққанда 30–40 донацияға дейін жетеді. Мұндай деңгей денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.

«Өтеусіз донорларға берілетін тегін тамақтың ақшалай өтемі 0,25 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде белгіленген. Алайда баға өсіп, әлеуметтік-экономикалық жағдай өзгергеніне қарамастан, бұл сома жылдар бойы жаңартылмаған. Нәтижесінде бұл тетік ынталандыру қызметін жоғалтып, тек символдық сипатта қалып отыр», – деп мәлімдеді депутат.

Сауалда қан қызметіндегі кадр тапшылығы мен медицина қызметкерлерінің кәсіби шаршау мәселелері де көтерілген. Сенатордың сөзінше, қазіргі талаптар мамандардың бұрын алған біліктілік деңгейін қайта растауын қиындатып отыр. Осының нәтижесінде мамандардың жұмысқа деген қызығушылығы азайып, мемлекеттік денсаулық сақтау саласынан кетіп жатқандар көбейіп келеді.

Жуырда Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ақпан айын – өтеусіз қан донорлығы айы деп жариялаған еді. Осы бастама аясында елдің бас дәрігері елордадағы қан орталығына барып, донор болып, өзі үлгі көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыз