Boeing корпорациясы Шымкентте ұшақтарға қызмет көрсету орталығын салуға көмектеседі

Америкалық Boeing корпорациясы SCAT компаниясына Шымкентте ұшақтарға техникалық қызмет көрсету орталығын ашуға көмектеседі. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа жұмыс сапары аясында Boeing корпорациясының вице-президенті Джефф Шоккимен өткен кездесуінде белгілі болды.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы қазақстандық тасымалдаушылардың (Air Astana, SCAT және Vietjet Qazaqstan) елдің бүкіл авиация саласы үшін стратегиялық маңызы бар бірлескен жобаларды ілгерілетуге мүдделі екенін атап өтті.
SCAT авиакомпаниясы америкалық корпорациямен серіктестікті айтарлықтай кеңейтуге ниетті. Тасымалдаушы қосымша Boeing жолаушылар бортын сатып алу жоспарынан бөлек, Шымкент әуежайы базасында алғашқы техникалық қызмет көрсету және жөндеу орталығын салу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Жоба Boeing компаниясының тікелей технологиялық қолдауымен жүзеге асады деп күтілуде.
АҚШ-қа тікелей рейс қашан ашылады
Кездесуде көптен күткен мұхит асуындағы тікелей рейстер мәселесі де қозғалды. Қасым-Жомарт Тоқаев Air Astana мен Boeing арасындағы жаңа ұшақтарды жеткізу туралы келісімді құптады.
2026 жылдың екінші жартыжылдығында Қазақстанға Boeing 787 Dreamliner кең фюзеляжды лайнерлері келеді деп жоспарланған.
Нью-Йоркке тікелей рейс ашу мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Air Astana басшысы Питер Фостер рейсті іске қосу үшін кемінде екі ұшақ қажет екенін айтқан.
SCAT кімге тиесілі
«SCAT авиакомпаниясы» АҚ — 1997 жылы Шымкентте негізі қаланған ең ірі жеке әуе тасымалдаушыларының бірі. Компания акциялардың 57%-ы Владимир Денисовке, 43%-ы Владимир Сытникке тиесілі. Бұл екі кәсіпкер Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша ең дәулетті кәсіпкерлер қатарына кіреді.
Forbes мәліметінше, кәсіпкерлердің активі тек SCAT брендімен жолаушылар тасымалдаумен шектелмейді. Олардың иелігіне Тараздағы «Әулие-Ата халықаралық әуежайы» АҚ-ның 100% акциясы, «Южное небо» өңірлік авиакомпаниясының 70% акциясы, сондай-ақ мысырлық Red Sea Airlines тасымалдаушысындағы үлесі кіреді.