Қала шетіндегі кенттерге ауылдық елдімекен мәртебесі берілуі мүмкін

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: gov.kz

Облыстық маңызы бар қалалардың әкімшілік құрамына енетін кенттер алдағы уақытта ауылдық елдімекен санатына кіргізілуі мүмкін. Бұл туралы Олжас Бектеновтің депутаттарға берген жауабында жазылған.

Бектеновтің мәліметінше, қазір орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар елдің әкімшілік-аумақтық құрылысы жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізу бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.

«Атап айтқанда, облыстық маңызы бар қалалардың әкімшілік бағынысында тұрған кенттерді ауылдық елді мекендер санатына жатқызу мәселесі пысықталуда. Сондай-ақ аталған елді мекендердің көрсеткіштері зерттелуде. Оның ішінде халық санының динамикасы, қалалардан қашықтығы, қызмет түрлері бойынша бағалау, мәртебені ықтимал өзгертуге қатысты халық пікірін есепке алу және басқа да факторлар қарастырылуда. Талдау қорытындысы бойынша, заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес, қажеттілік туындаған жағдайда тиісті құқықтық актілерге өзгерістер енгізу бастамасы бойынша шаралар қабылданады», – делінген жауапта.

Мәжіліс депутаттары бұған дейін облыс орталықтарына жақын орналасқан, қалалық әкімдіктердің құрамына кіретін, бірақ аумақтық тұрғыдан олардан оқшау орналасқан кенттердің мәртебесі мәселесін көтерген еді.

Депутаттардың сөзінше, бұл кенттерді өңірлік стандарттар жүйесі мүлде назардан тыс қалдырған. Формалды түрде олар қала құрамына кіреді. Алайда мұндай кенттердің тұрғындары шалғайлығына байланысты өздерінің қалалық мәртебесінің ешқандай артықшылығын сезінбейді. Мәселен, Қашар кенті әкімшілік тұрғыдан қарасты Рудный қаласынан 45 шақырым қашықтықта орналасқан. Ақтау кенті – Темиртау қаласынан 20 шақырым жерде, ал Бестөбе кенті Степногорск қаласынан 80 шақырым қашықта жатыр.

Бұл кенттер көбіне өз өңірлерінің бюджетіне донор болып отыр. Алайда «ауылдық» жеңілдіктердің болмауына байланысты олардағы білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінде кадр тапшылығы сезіледі. Депутаттар әкімшілік тұрғыдан қалалардың құрамына кіретін, бірақ едәуір қашық орналасқан кенттердің мәртебесін қайта қарап, оларды ауылдық округтерге теңестіру қажеттігін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз