Долларды ең тиімді сатып алатын кез қай уақыт

16 ақпанда Қазақстанда белсенді салық төлемдері кезеңі басталды. Осыдан кейін валюта нарығында теңгенің нығаюы байқалып, доллар бағамы 489 теңгеге жуықтады. Нарық үшін бұл тосын жағдай емес, жыл сайын қайталанатын маусымдық фактор.
Бұл туралы Kursiv.Media-ға Qazaq Expert Club-ны қаржы сарапшысы Венера Жаналинa айтты.
«Салық аптасы» деген не?
«Салық аптасы» – ай сайын 25-іне дейін компаниялар мемлекетке негізгі салықтарын төлейтін кезең. Яғни бұл – кәсіпорындар бюджетке міндетті төлемдерін жаппай аударатын уақыт.
Венера Жаналинаның айтуынша, «салық аптасының» ең айқын әсері тоқсандық есеп айырысу айларында байқалады.
«Төлемдердің ең жоғары шоғырлануы 25 ақпанға, 25 мамырға, 25 тамызға және 25 қарашаға дейінгі кезеңге келеді. Бұл уақытта компаниялар қосылған құн салығын (ҚҚС), корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдерді, рента және басқа да міндетті төлемдерді аударады», – деп түсіндірді сарапшы.
Дәл осы айларда валюта нарығындағы белсенділік дәстүрлі түрде артады.
Неге ақпан мен наурыз айлары валюта нарығы үшін аса маңызды?
Ақпан – салық жүктемесі тұрғысынан ең маңызды айлардың бірі.
«25 ақпанға дейін өткен жылдың IV тоқсаны бойынша салықтар төленеді. Бұл әдетте айналымы мен пайдасы ең жоғары кезең. Сондықтан салық базасы да жоғары, сәйкесінше валюталық түсімді айырбастау көлемі де айтарлықтай болады», – дейді сарапшы.
Қосымша фактор – өткен жыл бойынша корпоративтік табыс салығының түпкілікті есебі (мерзімі – 10 сәуірге дейін). Егер нақты пайда бұрын төленген аванстық төлемдерден жоғары болса, компаниялар қосымша төлем жасайды. Бұл да теңгеге деген сұранысты арттырады, оның нығаюына да септігін тигізеді.
Осылайша, ақпан және ішінара наурыз айларында валюта нарығында айтарлықтай өзгерістер тіркеліп жатады.
Бұл кезеңде қаржы жүйесінде қандай үдерістер жүреді?
Салық төлемдері шоғырланған уақытта өзара байланысты бірнеше үдеріс қатар жүреді.
Экспортқа бағытталған, табысты шетел валютасында алатын компаниялар бюджет алдындағы міндеттемелерін орындау үшін доллар сатады. Салықтар тек теңгемен төленетіндіктен, бизнес валюталық түсімді айырбастауға мәжбүр болады.
«Аталған кезеңде нарықта шетел валютасы артады, ал теңгеге керісінше қосымша сұраныс да күшейеді», – деп түсіндіреді Венера Жаналинa.
Сонымен қатар банк жүйесіндегі бос теңге уақытша қысқарады: ақша бюджетке аударылып, мемлекет тарапынан жұмсалғанға дейін коммерциялық банктер айналымынан шығады.
Нәтижесінде валюта нарығында сұраныс пен ұсыныстың қысқа мерзімді теңгерімсіздігі туындайды. Өзге факторлар өзгеріссіз қалған жағдайда, бұл теңгенің нығаюына ықпал етеді.
Қазақстан қор биржасы алаңында мұндай кезеңдерде сауда көлемінің өсуі және шетел валютасы ұсынысының артуы жиі тіркеледі. Бұл экспорттаушылар мен банктер белсенділігінің артқанын көрсетеді.
Валютаның ұсынысы көбейгендіктен, салық мерзімдері қарсаңында теңгенің долларға қатысты нығаюы байқалады.
Салық төлемдері өтімділікке және экономикалық белсенділікке қалай әсер етеді?
Салық кезеңі – тек валюта нарығына әсер ететін фактор емес, бүкіл экономиканың ақша айналымы циклінің бір бөлігі.
«Бұл уақытта ақша ағындары уақытша жеке сектордан бюджет жүйесіне қайта бөлінеді. Қаражат компаниялардың коммерциялық банктердегі шоттарынан алынып, қазынашылық шоттарына жинақталады. Соның салдарынан бос өтімділік көлемі азаяды», – деп атап өтеді сарапшы.
Салдарынан осы кезеңде бизнестің айналым қаражатының уақытша қысқарады, қысқа мерзімді ақша нарығы мөлшерлемелерінің өсуі мүмкін, банктердің өтімділікті реттеу құралдарына сұраныс артады. Әсіресе экспортқа бағытталған салаларда мұның әсері бірден байқалады. Алайда бұл уақытша сипатқа ие.
«Мемлекеттік шығыстар орындалып, қаражат экономикаға қайта оралған сайын өтімділік қалпына келеді, ал ақша нарығындағы қысым азаяды. Салық кезеңі – қаржы жүйесінің циклдік элементі, ал осы тұста теңгенің нығаюы құрылымдық өзгерістерден гөрі техникалық факторларға байланысты», – деп қорытындылады Венера Жаналинa.
Ұлттық валюта бағамына әсері қандай?
«Салық аптасының» әсері жылына бірнеше рет байқалады. Бірақ ең айқын түрде тоқсандық айларда – ақпан, мамыр, тамыз және қарашада көрінеді.
Бұл кезеңдегі теңгенің нығаюы, әдетте, қысқа мерзімді сипатта болады. Белсенді төлемдер аяқталып, өтімділік қалпына келгеннен кейін валюта нарығына қайтадан іргелі факторлар әсер ете бастайды: сыртқы конъюнктура, шикізат бағасы, жаһандық доллар бағамы және монетарлық саясат.
Осылайша, доллар бағамының 489 теңге деңгейіне жуықтауы – ұзақмерзімді трендтің өзгеруі емес, маусымдық салық циклының көрінісі.
Еске сала кетсек, 19 ақпан күні валюта бағамы 1 доллар үшін 489 теңгеге дейін нығайған еді.