Енді мобильді операторды ауыстырғанда нөмір де өзгеріп кетуі мүмкін

Енді Қазақстанда мобильді операторды ауыстыру бұрынғыдан да қиындай түсуі мүмкін. Жасанды интеллект министрлігі осындай жоба дайындап жатыр. Құжат Ашық НҚА порталында жарияланды.
Құжатқа сүйенсек, енді оператор сіздің нөміріңізді ауыстырудан бас тартуы да мүмкін.
«Егер нөмір алғаш рет іске қосылғаннан бастап 60 күнтізбелік күн өтпеген болса, оператор-донор абоненттік нөмірді көшіруден бас тартуға құқылы. Бұл өзгеріс теріс пайдалану жағдайларының алдын алуға және байланыс операторларының мүдделерін қорғауға бағытталған», – деп жазылған жобада.
Оператор-донор – бұл клиентке бұрын қызмет көрсеткен байланыс операторы. Заңға сәйкес, абонент нөмірін көшіру туралы сұрау Орталық абоненттік нөмірлер базасына (ОАНБ) түскеннен кейін оператор 10 минут ішінде жауап беруі тиіс. Бұл – белгіленген ең ұзақ мерзім.
Жобаның мақсаты – нөмірді бір оператордан екіншісіне ауыстырғанда байланыс үзіліп қалатын уақытты барынша азайту. Яғни абонент нөмірін көшірген кезде ұзақ уақыт «желісіз» отырмайды. Бұл қызмет сапасына деген клиенттердің көңілін арттыру үшін жасалып отыр.
Құжат осы жылдың 6 наурызына дейін «Ашық НҚА» порталында талқылауда болады.
Тағы бір өзгеріс жайлы айта кетейік. Осы жылдан бастап тіркелмеген телефондар да бұғатталатын болды. Ол жайлы толығырақ мына жерден оқуға болады.