Мұғалімдер енді жаңа тренингтерден өтуге міндеттеледі

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Мұғалімдерді ЖИ арқылы оқыту басталды: педагогтер қандай машықтарға оқытылады
Фото: kursiv.media мұрағаты

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева цифрлық кеңістікте балалардың ақпараттық қауіпсіздігі үшін мұғалімдер міндетті тренингтерден өтетінін хабарлады. Бұл жөнінде министр депутаттарға берген жауабында атап өткен.

Аида Балаеваның айтуынша, балалардың онлайн-ортада ақпаратты таңдауына «иммунитет» қалыптастыру – аса маңызды фактор. Осыған байланысты білім беру ұйымдарында ата-аналар арасында балалардың онлайн өмірі туралы олармен тұрақты түрде әңгімелесудің маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Ата-аналар үшін «Cyber Safe for Family» бағдарламасын кең ауқымда тарату жоспарлануда: сынып сағаттары, нақты кейстер қарастырылатын ата-аналар жиналыстары, оқыту материалдары ұйымдастырылады. Баланың онлайн белсенділігін бақылауға және ықтимал қауіпті контентке қолжетімділікті шектеуге мүмкіндік беретін «Ата-аналық бақылау» сервистеріне ата-аналарды қосу бойынша ақпараттық науқан жалғасуда. Байланыс операторларына ата-аналық бақылауды тарифтік жоспарларға міндетті опция ретінде енгізу ұсынылады», – дейді Балаева.

Министр сонымен бірге педагогтер үшін онлайн қауіпсіздік, мектеп медиатоптарын құру, цифрлық тәуекелдерді анықтау бағыттары бойынша міндетті тренингтер енгізілетінін мәлім етті. Одан бөлек білім беру процесінде жасанды интеллектіні қолдану мәселелері бойынша педагогтердің біліктілігін арттыру маңызды қадам болмақ.

Сондай-ақ оқыңыз