Михаил Шайдоров костюмін Миландағы Олимпиада мұражайына сыйға тартты

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан командасының көшбасшысы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Миландағы Олимпиада мұражайына тарихи алтын алған костюмін тапсырды.
Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті (ҰОК) хабарлағандай, рәсім Миландағы конькимен жүгіру үйінде өтті.
Шайдоров Олимпиадада өнер көрсеткен костюм төртжылдықтың басты бәсекесі үшін арнайы дайындалған. Қазақстандық дизайнерлер ғарышты бейнелейтін және музыкасына ерікті бағдарлама орындалған «Бесінші элемент» фильмінің атмосферасымен үндесетін терең көк түсті таңдады. Киім жұлдыздарға ұқсайтын жылтырақтармен толықтырылды.
Шараға халықаралық мәнерлеп сырғанаушы одағының президенті Ким Чжэ Ен, Олимпиада мұражайы директорының орынбасары Ясмин Майхтри және Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті, боксші Геннадий Головкин куә болды.
«Костюмді Олимпиада мұражайына тапсыру миллиондаған адамдарға чемпионымыздың мұрасын көруге мүмкіндік береді. Бұл костюм жас спортшыларды армандауға және өз күштеріне сенуге шабыттандырады. Михаил, осы сыйлық үшін рахмет. Біз сіздермен мақтанамыз», — деді Геннадий Головкин.
Михаил Шайдоровтың өзі бұл қадам ол үшін ерекше құрмет екенін атап өтті.
«Менің арманымның бір бөлігі енді әлемдік олимпиадалық мұраның бір бөлігі болады. Бұл костюм олимпиадалық арманға апаратын жолдың символы. Ол олимпиадалық арманның шекарасы жоқ екенін және әрбір спортшы үлкен олимпиада тарихының бір бөлігі бола алатынын үлгі етсін», – деді мәнерлеп сырғанаушы.
Естеріңізге сала кетейік, Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан Милан-Кортина 2026 өысқы Олимпиада ойындарының «алтынын» жеңіп алып, Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы қысқы спорт түрлерінен екінші Олимпиада чемпионы атанды.