NASA көзге көрінбейтін нәрселерді түсіре алатын камера шығарды

NASA-ның камерасы көзге көрінбейтін дүниені көру тәсілін түбегейлі өзгертті. Бұл ғылыми ортада марапатқа ие болып отыр.
Бұл камера желді де суретке түсіре алады. NASA инженерлері ұшақтар, зымырандар және өзге де аэроғарыш аппараттарының айналасындағы ауа ағынын зерттеді. Ауа көрінбейді. Бірақ оның қалай қозғалатынын түсіну аса маңызды. Өйткені, бұл – қауіпсіз әрі тиімді ұшу техникасын жасау үшін шешуші фактор.
Ауа ағыны қалай түсіріліп келді?
80 жыл бойы зерттеушілер «фокусталған шлирен-визуализация» әдісін қолданды. Бұл – ауа тығыздығындағы болмашы өзгерістерді тіркеп, ағын қозғалысын «көрсететін» арнайы камера жүйесі. Күн ыстықта асфальт үстінен көтерілген жылу толқындары байқалады. Мұның принципі соған ұқсас, бірақ әлдеқайда дәл.
Ықшам әрі қарапайым
Енді сахнаға SAFS – өзін-өзі теңестіретін фокусталған шлирен-микроскопия жүйесі шықты. Бұл – ықшам, қолжетімді әрі қолдануға жеңіл құрал. Дәстүрлі күрделі жүйелермен салыстырғанда әлдеқайда қарапайым.
Жобаны Вирджиния штатындағы Хэмптон қаласындағы NASA Langley Research Center базасында Бретт Бател мен Джошуа Вайсбергер әзірлеген. Олардың айтуынша, басты жетістік – «домино әсері». Ауа ағынын тереңірек түсіну ұшақ конструкциясын жетілдіріп, жалпы авиациялық қауіпсіздікті арттырады.
Артықшылығы неде?
SAFS ескі жүйелерді алмастырып, аэродинамикалық құбырлардағы зерттеулерді жеделдетті. Инженерлер жоғары жылдамдықтағы деректерді аз шығынмен және үзіліссіз жинай алады. Бұл коммерциялық лайнерлерден бастап ғарыш аппараттарына дейінгі жобалауға жаңа серпін беріп отыр.
Жүйенің маңыздылығы жоғары бағаланды. R&D World журналы SAFS-ті 2025 жылдың ең үздік 100 жаңалығы қатарына қосты. Ал NASA оған «Жылдың мемлекеттік өнертабысы – 2025» атағын берді.
Айта кететін жайт, NASA 2030 жылға дейін Айға ядролық реактор орнатпақ.