Алматыда қалқанша безінің ісігін емдеудің бірегей әдісі қолданылды

Алматы қаласындағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты базасында радиожиілікті абляция жасалды.
Корей дәрігерлері «Қалқанша безінің түйінді ісіктерін емдеудегі ең төменгі инвазиялық технологиялар» тақырыбында мастер-класс өткізген.
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған іс-шараға Сеул қаласынан (Оңтүстік Корея) профессор Хван Ён Джин қатысқан.
Қанша науқас ем алды?
Ол қалқанша безіне радиожиілікті абляция жасау арқылы 6 пациентке ем жүргізді. Ең жас пациент – 26 жаста. Алматы қаласының жас тұрғынына қалқанша безінің оң жақ бөлігінде көлемі 4,4 см болатын уытты емес жалғыз түйінді зоб диагнозы қойылған.
Мұндай ірі ісік мойын ағзаларын қысу қаупіне байланысты көп жағдайда хирургиялық емдеуді талап етеді. Алматы облысынан келген ең егде жастағы пациент – 56 жаста. Оған қалқанша безінің екі бөлігінде де көлемі 4,3 см болатын уытты емес көптүйінді зоб диагнозы қойылған.
Белгілері қандай?
Пациенттерде тыныс алудың және жұтынудың қиындауы, тамақ ішу мен сусын қабылдау кезінде жайсыздық, ауырсыну, бөгде зат тұрғандай сезім, тамақтың жыбырлауы және жөтел байқалған.
Радиожиілікті абляция – қалқанша безі түйіндерін хирургиялық араласусыз емдеудің заманауи әдісі. Емшара барысында ісік тініне арнайы радиожиілікті ток әсер етіп, патологиялық жасушалар жойылады. Қалқанша безінің сау тіндері зақымданбайды.
Хирургиялық араласусыз
Клиниканың интервенциялық хирургі Арман Ибраевтың айтуынша, қалқанша безіне абляция жасау жергілікті анестезиямен жүргізіледі. Жалпы наркозды қажет етпейді. Пациент емшара кезінде айқын жайсыздық сезінбейді.
Қалқанша безінің қатерсіз түйінді ісіктерін емдеудің бірегей әдісін – радиожиілікті абляцияны енгізу институт пациенттеріне хирургиялық араласусыз түйіндерден арылуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде олардың өмір сапасы жақсарады.
Денсаулық сақтау министрлігі Жамбыл облыстық перинаталдық орталығында болған қайғылы оқиғадан кейін жоспардан тыс тексеруді тағайындады.