Путин мен Зеленский кездеседі – Уиткофф

АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф алдағы үш апта ішінде Ресей мен Украина басшыларының кездесуі мүмкін екенін айтты.
Fox News арнасына берген сұхбатында ол украин қақтығысын реттеу бағытында жақын апталарда «жақсы жаңалықтар» болуы мүмкін екенін хабарлады.
Оның сөзінше, өзі және Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер тараптарға «бірқатар нұсқалар» ұсынған. Бұл ұсыныстар алдағы үш апта ішінде тараптарды жақындастырып, тіпті Владимир Зеленский мен Владимир Путин арасында саммит өткізуге жол ашуы мүмкін.
Уиткоффтың айтуынша, болашақта кездесу үшжақты форматта, яғни АҚШ президентінің қатысуымен өтуі де ықтимал.
Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак Зеленскийдің Ресей немесе Беларусь аумағынан тыс кез келген жерде келіссөз өткізуге дайын екенін мәлімдеген.
Путин де Зеленскиймен кездесу мүмкіндігін жоққа шығармаған.
Мұның алдында АҚШ-тың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Зеленскийге Мәскеудің соғысты тоқтатуға ниетті екенін жеткізіп, келіссөздерге дайындық барысында осы жайтты ескеруге шақырған.