«Ескі» Қазақстан шенеуніктері тұрған пәтерлер арзанға сатылады

«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» (KUVA) 18 ақпанда өтпей қалған жылжымайтын мүліктерді қайтадан аукционға шығарды. Бұл жолы олар арзан бағаға ұсынылды.
KUVA Астана қаласындағы үш пәтерді электронды сауда порталына қайтадан жариялады. Олардың екеуі «Париж кварталында«, ал біреуі «Green Village» тұрғын үй кешенінде орналасқан. Кезінде осы пәтерлерде «ескі» Қазақстанның шенеуніктері мен байлары тұрған. Мемлекетке қайтарылған жылжымайтын мүліктер сатылмай жатыр.

Green Village-дағы қымбат таунхаус
Бағалаушылар елордадағы «Green Village» тұрғын үй кешеніндегі пәтерді 214 млн теңгеге бағалаған. Алайда ол пәтерге ешкім қызықпады. Соған байланысты KUVA мүлік құнын 182 млн теңгеге дейін түсіруге мәжбүр болды.
Электронды сауда порталында жарияланған мәліметке қарағанда, бес бөлмелі пәтер Астананың Нұра ауданында Қарашаш Ана көшесінің бойында орналасқан. Жалпы ауданы – 231,8 шаршы метр. Төрт қабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан таунхаустың бұрынғы қожайыны коммуналдық қызмет ақысын төлемеген.
Кезекті аукцион 12 наурызға белгіленді. Саудаға қатысу үшін 46,3 млн теңге төлеу қажет болады.
«Париж кварталындағы» қымбат пәтерлер

Қазақстанды тонаған шенеуніктер мен ауқаттылардың байлығын мемлекетке қайтарумен айналысатын компания 12 наурызда тағы жылжымайтын мүлікті саудаға шығарады. Олардың екеуі де Астанадағы «Париж кварталында» орналасқан.
Солардың бірі – екі деңгейлі пәтердің аукциондағы бастапқы бағасы – 308,7 млн теңге. Мамандар оны 363 млн теңгеге бағалаған. Бірақ актив өтпей тұрған соң, KUVA оның бағасын түсіруге мәжбүр болды.
Жалпы ауданы 309,5 шаршы метрлік бұл пәтер алты қабатты үйдің үшінші және төртінші қабаттарында орналасқан. Бұрынғы қожайыны коммуналдық қызмет ақысын төлемеген.
Аукционға қатысу үшін 46,3 млн теңге төлеу қажет болады.

Наурызда тағы бір мәрте саудаланатын активтердің бірі – «Париж кварталындағы» екі бөлмелі пәтер. 18 ақпандағы аукционда автотұрақ қана сатылып, пәтердің өзі өтпей қалған.
Жалпы ауданы 93,6 шаршы метр болатын жылжымайтын мүлік өткен жолы 113 млн теңгеге бағаланған. Енді ол 96 млн теңгеге ұсынылды. Саудаға қатысу үшін 14,3 млн теңге кепілпұл төлеу керек.
Алты қабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан бұл пәтердің де коммуналдық қызмет ақысы төленбеген.
Бұған қоса, KUVA экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыдан қайтарылған Kaisar Plaza ғимаратын 61,5 млрд теңгеге сатқалы жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, 20 ақпанда экс-премьер Кәрім Мәсімовтің самурай қылышы жеті есе қымбат бағаға сатылған.