Трамптың резиденциясына баса-көктеп кірмек болған 21 жастағы жігіт оққа ұшты

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Дональд Трамп
Фото: Shutterstock

22 ақпанға қараған түні АҚШ президенті Дональд Трамптың үй-жайына басып кіруге әрекет жасаған жас жігітті күзет қызметі атып өлтірген. Ол 21 жастағы Остин Такер Мартин атты суретші болып шықты.

DW мәліметінше, жексенбіге қараған түні АҚШ президенті Дональд Трамптың Флорида штатындағы Мар-а-Лаго резиденциясының күзетілетін аумағына заңсыз кіріп, құпия қызмет тарапынан атып өлтірілген қарулы азамат – Солтүстік Каролина штаты, Кэмерон қаласының 21 жастағы тұрғыны, суретші Остин Такер Мартин екені анықталды. Оның жеке басын америкалық бұқаралық ақпарат құралдары Мур округі шерифінің мәлімдемесіне және марқұмның туыстарының жарияланымдарына сүйене отырып растады.

Оқиғаның мән-жайы

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Мартиннің туыстары оның сенбі кешінен бері байланысқа шықпағанын айтып, шерифке хабарласқан. Осыдан кейін ол із-түзсіз жоғалғандар ұлттық дерекқорына енгізілген. Кейінірек федералды билік Флорида штатында Мартинге қатысты белсенді тергеу жүріп жатқанын хабарлаған.

Мур округі шерифінің кеңсесі оның жоғалғаны туралы хабар түскенге дейін Мартинге қатысты ешқандай іс тіркелмегенін мәлімдеді. Кісі өліміне қатысты барлық сауал Федералдық тергеу бюросының Майамидегі бөлімшесіне және АҚШ Құпия қызметіне жолданатыны атап өтілді.

Күдіктінің тұлғасы

Марқұмның немере ағасы Брейден Филдстің айтуынша, Мартин өте тұйық, сабырлы жан болған әрі қаруға қызықпаған. Ол гольф-клубтарда пейзаж салуды ұнатып, сол саланың бірінде еңбек еткен. Әлеуметтік желілерде гольф алаңдарының суреттерін жиі жариялап отырған. 2025 жылы осындай жұмыстарды тапсырыспен орындайтын жеке компания құрған.

Туысының сөзінше, Мартин қаруды іс жүзінде қолданбаған, тек пневматикалық мылтықты ғана пайдаланған. Отбасы мүшелері Трампты қолдайтынына қарамастан, Мартин саясатқа араласудан қашқақтаған және бұл тақырыпта ашық пікір білдірмеген. The New York Times дерегінше, ол штат сайлаушылар тізімінде тәуелсіз сайлаушы ретінде тіркелген.

Биліктің мәліметінше, оқиға жергілікті уақытпен шамамен сағат 01:30-да болған. Күдікті басқа көлік шығып жатқан сәтте ашық қақпа арқылы аумаққа кірген. Оған қолындағы заттарды тастау туралы бұйрық берілген. Сол кезде ол бензин құйылған канистрді жерге қойып, дробовикті атуға дайын күйге келтірген. Осыдан кейін екі агент пен шерифтің орынбасары қауіптің бетін қайтару мақсатында оқ атқан.

Сондай-ақ оқыңыз