«Самұрық-Қазына» рекорд орнатпақ: биыл 5,3 трлн теңге инвестиция салынады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Инвестицияға 5,3 трлн теңге жұмсалады / Фото: shutterstock

2026 жылы Қазақстан экономикасының өсіміне оң әсер ететін инвестициялық шығындар 5,3 трлн теңгені құрайды. Бұл көрсеткіш 2025 жылғы 2,7 трлн теңге және 2024 жылғы 2 трлн теңгемен салыстырғанда екі есе артық.

Қаражат Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 жаңғырту, Түркістан БГҚ құрылысы және Транскаспий талшықты-оптикалық желісі сияқты ірі стратегиялық нысандарды іске қосуға бағытталады.

«Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің отырысында қордың былтырғы жұмысы мен алдағы жоспарлары талқыланды.

Қор басшысы Нұрлан Жақыповтың есебіне сәйкес, 2025 жылы басқарудағы активтер 9%-ға өсіп, 88 млрд долларға жетті. Қордың бір жылдық кірісі 19,1 трлн теңгені, ал таза пайдасы 2,1 трлн теңгені құрады.

Отандық өндірушілерді қолдау мақсатында 2025 жылы 2,2 трлн теңгеге жуық сомаға 9 мыңға жуық шарт жасалды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда екі есе жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар тауарды кепілді сатып алуды көздейтін 260 млрд теңгелік 363 офтейк-келісімшарт бекітілді.

Стратегиялық маңызы бар жобалар

Қазір Қордың портфелінде жалпы құны 52 трлн теңгені құрайтын 120 басым жоба бар. 2025 жылы жалпы құны 1,1 трлн теңгені құрайтын 10 ірі жоба аяқталды, оның ішінде:

  • CASPI BITUM өндірісін кеңейту;
  • Кендірлідегі су тұщыту зауыты;
  • «Достық – Мойынты» теміржол желісінің екінші жолдарын салу.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов базалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жобалардың ерекше бақылауды талап ететінін атап өтіп, барлық нысандарды белгіленген мерзімде тапсыруды тапсырды.

Бұған дейін «Еуразиялық даму банкінің» мамандары Қазақстан 5,5% деңгейінде өседі деп болжаған.

Сондай-ақ оқыңыз