Мультимедиа, орындық, аккумулятор: Қазақстанда қандай автобөлшектер шығады

Елімізде отандық автобөлшек өндірісі қарқынды дамып келеді. Мультимедиа жүйелері, автокөлік орындықтары мен аккумуляторлар дайындалып, қазақстандық көліктерге орнатылып жатыр. Бұл туралы Қазақстанның автокөлік одағының президенті Анар Мақашева мәлімдеді.
Оның айтуынша, тағы 10-нан астам қосымша автобөлшек әзірленуде, олардың кейбірі 2026 жылы іске қосылып, көліктерге орнатылмақ. Бұл қадам импортқа тәуелділікті азайтып, отандық автопаркті жаңартуға мүмкіндік береді.
«Қазіргі таңда Қазақстандағы отандық өндірісте мультимедиа, орындықтар және аккумуляторлар қолданылады. Сонымен қатар түрлі жобалар әзірленіп, локализация үлесін арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Елде қабылданған мемлекеттік бағдарламалар да бұл саланың дамуына ықпал етеді», – деді Мақашева автокөлік саласының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларына арналған баспасөз конференциясында.
Анар Мақашевадан аталған отандық автобөлшектерді екінші нарықта, яғни автодүкендерде сатып алу мүмкіндігі бар ма деп сұрадық.
«Көптеген өндірушілер өз стратегияларын автокомпонент брендін дамытуға бағыттап, өнімді ішкі нарыққа сатуды қалайды. Дегенмен, 2024 жылдан бастап өндіріске енгізілген көліктің құрамдас бөліктері негізінен алғашқы нарық үшін, яғни автокөлік өндірушілеріне арналған», – деді ол.
Сондай-ақ, спикер автокомпонент өндірісінің негізгі мақсаты көліктің өзіндік құнын төмендету екенін атап өтті. Қазіргі Қазақстандағы жобалар отандық өндірушілерге өнімді импорттыққа қарағанда арзанырақ жеткізуге мүмкіндік берді.