Қазақстан мұнайының 69%-ы ірі үш кен орнында өндіріледі

Сарапшы Абзал Нарымбетов 15 жылда Қазақстандағы мұнай өндірісінің құрылымы қалай өзгергеніне талдау жасап, саладағы іргелі өзгерісті сараптады.
Оның мәліметінше, 2011 жылы еліміздегі негізгі үш кен жалпы өндіріс көлемінің жартысына жуығын (48%) қамтамасыз етсе, 2025 жылға қарай олардың үлесі басымдыққа ие болып, 69%-ға дейін жетті.
Нақты сандарға сүйенсек, Теңіз кен орны өндірістің басты локомотиві ретіндегі орнын сақтап, оның жалпы көлемдегі үлесі 33%-дан 39%-ға дейін өскен. Қаңтар айында кен орнындағы зауыт трансформаторларынан өрт шығып, өндіріс уақытша тоқтаған. Тек 26 қаңтарда кен орнындағы мұнай өндірісі қайта жанданды.
Сонымен қатар өндірісі тек 2016 жылы ғана басталған Қашаған кен орны 2025 жылға қарай еліміздегі бүкіл мұнай өндірісінің 18%-ын қамтамасыз етіп отыр. Қарашығанақ кен орны болса 12–15% шамасындағы тұрақты көрсеткішті сақтап келеді.
Бұл үдерістегі ең басты өзгеріс өзге кен орындарының позициясын жылдам жоғалтып жатыр, Олардың жиынтық үлесі 52%-дан 31%-ға дейін құлдыраған.
Ұлттық энергетика министрлігінің баяндамаларының соңғы деректеріне сәйкес, бұл кен орындарындағы өндіріс көлемі алдағы жылдары азая бермек және 2050 жылға қарай ол небәрі 10 млн тоннаны ғана құрауы мүмкін.
Сарапшы мұнай өндірісінің шоғырлану тренді айқын екенін, яғни экономиканың «үлкен үштікке» тәуелділігі артып жатқанын атап өтеді.
«Өндірістің шоғырлану тренді айқын: экономика «үлкен үштікке» барған сайын қатты тәуелді болып барады. Алып кен орындары қуаттылығын арттырып жатқанда, ескі активтер сарқылуда. Бүгінгі таңда сала алдында тұрған басты сын-қатерлер — технологиялық тұрғыдан күрделі мегажобалардың тұрақтылығын сақтау және өндірістің құлдырауын өтеу үшін жаңа учаскелерді шұғыл барлау», – деп жазады ол.
Президент кеңесшісі Мағзұм Мырзағалиев мұнай мен газ қоры сарқылып бара жатқанын мәлімдеген.