Қазақстанда көлік бағасы небәрі 1,9%-ға қымбаттады – Автокөлік одағы

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media, Серікжан Қобланбаев

Қазақстандық автокөлік одағының президенті Анар Мақашева жаңа автокөліктердің бағасына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, 2025 жылы көлік бағасының өсуі қалыпты деңгейде болып, инфляциядан аспаған.

Мақашева атап өткендей, ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы желтоқсандағы деректеріне сәйкес, жаңа импорттық және отандық автокөліктердің бағасы 5,9%-дан артық өскен жоқ. Тұтыну бағаларының индексі 105,9%-ды құрады. Ал отандық автокөліктердің бағасы шамамен 1,9%-ға ғана қымбаттады.

«Бүгінде саладағы негізгі жұмыс көліктің өзіндік құнын төмендетуге бағытталған, ал бұл ретте басты құрал – автобөлшектік базаны дамыту. Біз сондай-ақ шағын және орта бизнес өкілдерін осы бағытқа белсенді қатысуға шақырамыз. Бұл қосалқы бөлшектер өндірісін кеңейтуге және локализация деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Қазақстандық автомобиль одағы президенті Анар Мақашева.

Одақ президенті шағын және орта бизнесті дамыту, сондай-ақ автобөлшектер бойынша жергілікті жобаларға инвестиция тартуға қатысты түрлі қаржыландыру мүмкіндіктері талқыланып жатқанын атап өтті.

«Бұл өндірістік ғимараттар салуды қолдау бағдарламалары, жабдықтар сатып алу немесе лизингтік тетіктер болуы мүмкін. Сонымен қатар, «Бәйтерек» холдингі сияқты мемлекеттік құрылымдар арқылы кепілзаты жеткіліксіз компанияларға банктік кепілдіктер тарту мүмкіндігі бар. Мұның бәрі компоненттік базаны дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және түпкі тұтынушы үшін автокөліктің өзіндік құнын төмендетуге бағытталған», – деді ол.

Сондай-ақ Анар Мақашева елімізде отандық автобөлшек өндірісі қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Мультимедиа жүйелері, автокөлік орындықтары мен аккумуляторлар дайындалып, қазақстандық көліктерге орнатылып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз