Эпштейн ісі: Ұлыбританияның АҚШ-тағы бұрынғы елшісі ұсталды

Ұлыбританияның АҚШ-тағы бұрынғы елшісі Питер Мандельсон ұсталды. Ол тоғыз сағат бойы қамауда отырып, 24 ақпанға қараған түні кепілпұлмен босатылды.
72 жастағы Мандельсонның есімі қаржыгер Джеффри Эпштейнге қатысты атышулы құжаттарда кездеседі. Ақпанның басында бұрынғы елшіге қатысты қылмыстық тергеу жүргізіле бастаған. Сол кезде ағылшын үкіметі Лондон полициясына Мандельсон мен Эпштейннің хаттарын тапсырған.
CNN телеарнасының мәліметінше, қарт саясаткер қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікке ілігіп отыр. Мандельсон Эпштейнге қаржы нарығына қатысты құпия құжаттарды берген болуы мүмкін. Ол кезінде Ұлыбритания үкіметінде істеп, бизнес істері жөніндегі министр қызметін атқарған.
Осының алдында бұрынғы ханзада Эндрю Маунтбеттен-Виндзор ұсталып, Эпштейнге қатысты іс бойынша тергелген. Ол америкалық қаржыгермен байланысы болғаны үшін барлық атағынан айрылған.
2026 жылғы 30 қаңтарда АҚШ Әділет министрлігі атышулы Эпштейннің зорлық-зомбылық қылмыстарын зерттеуге қатысы бар 3 млн құжатты жариялаған. Құпия файлдарда Қазақстан элитасындағы адамдардың аты-жөні аталады. Олардың арасында Мәсімов, Шөкеев, Келімбетов, Қазыханов және басқа да шенеуніктер мен топ-менеджерлер бар.
Америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейн жыныстық қылмыстарға қатысты көптеген айыптармен 2019 жылғы 6 шілдеде екінші мәрте ұсталды. Сотталушыға 45 жыл түрме жазасына тартатын ауыр айыптар тағылды. 2019 жылы ол түрмеде өзіне қол жұмсады.