Арсен Томский Михаил Шайдоровтың әкесіне Audi Q8 автокөлігін сыйлады (видео)

inDrive компаниясының негізін қалаушы, кәсіпкер Арсен Томский Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың әкесі Станислав Шайдоровқа уәде етілген Audi Q8 автокөлігін табыстады.
Кәсіпкер бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Томскийдің айтуынша, көлік Михаилдің әкесіне – ұлының алғашқы жаттықтырушысы әрі осы тарихи жеңістің бастауында тұрған адам ретінде сыйға берілген.
«Мен Audi Q8 көлігін Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың әкесі Станислав Шайдоровқа сыйладым. Михаил тарихи, керемет өнер көрсетіп, алтын жүлдені жеңіп алды. Қазақстанда ғана емес, шетелде де миллиондаған адамға шабыт сыйлады. Бірақ бұл жеңістің артында жылдар бойғы күнделікті еңбек, тәртіп пен жанқиярлық жатыр», – деп жазды Арсен Томский.
Кәсіпкердің айтуынша, бір кездері Станислав Александрович ұлының спорттағы жолын қолдау үшін өз автокөлігін сатып жіберген. Бұл оқиға Томскийге де жақын екенін айтты. Себебі ол да сенген ісі үшін екі рет көлігін сатуға мәжбүр болған: бірінде қиын кезеңде командасының жалақысын төлеуге, екіншісінде қаражат жетіспегендіктен Якутия құрамасын киберспорт чемпионатына жіберу үшін сатқан.

Көлікті табыстау рәсімі кезінде Станислав Шайдоров көз жасына ерік берген. Бұл ұлымен бірге ұзақ жол жүріп, сенімінің Олимпиада алтынына айналғанын көрген әкенің толқынысы еді.
«Әр чемпионның артында бір кезде «Мен саған сенемін» деген адам тұрады. Ұлы жеңістер әрдайым сенімнен басталады. Шайдоровтар отбасына және бүкіл Қазақстанға жаңа жеңістер мен қуаныш, мақтаныш сыйлайтын сәттер тілеймін», – деді Арсен Томский.
Еске сала кетейік, ал Михаилдың өзіне Димаш Құдайберген көлік сыйлайтынын айтқан еді.