Қазақстан 2025 жылы сырттан қанша қарыз алды

2025 жылы Қазақстанның Қаржы министрлігі халықаралық қаржы нарығында белсенділік танытып, жалпы сомасы 4 млрд доллар болатын үш транш еурооблигация орналастырды.
Сарапшы Арман Батаевтың жазуынша, Лондон биржасы (LSE), KASE және AIX алаңдарында қатар жүргізілген бұл операциялар отандық және шетелдік инвесторлардың жоғары қызығушылығын тудырған.
Атап айтқанда, маусым айында 7 және 12 жылдық мерзімге сәйкесінше 5% және 5,5% кірістілікпен 2,5 млрд доллар тартылса, қазан айында 5 жылдық мерзімге 4,412% кірістілікпен тағы 1,5 млрд доллар орналастырылды.
Былтыр облигация орналастыру барысында қазақстандық инвестициялық банктер айтарлықтай нәтиже көрсеткен.
Маусым айындағы транштың 23,3%-ы немесе 582,6 млн доллары отандық KASE және AIX биржалары арқылы тартылды.
Қаржы министрлігі 2026 жылдың басында жаңа стратегиялық қадам жасауды жоспарлап отыр. Қаржы министрі Мәди Такиевтің мәлімдеуінше, қаңтар-ақпан айларында Қытайдың ішкі нарығында 300-400 млн доллар көлемінде «панда-облигациялар» шығарылмақ. Бұл қаражат мемлекеттік бюджет тапшылығын жабуға бағытталады.
«Біз қазір панда-бондтарды қарастырып жатырмыз, Қытай нарығына шығамыз. Ол шамамен 300-400 млн долларды құрайды», — деді Мәди Такиев.
Сыртқы қарыз қанша
Қазақстанның қарыз алу саясаты қатаң бақылауда. 2025 жылдың 22 желтоқсанында Ұлттық банк пен министрліктер Мемлекеттік қарызды басқару жөніндегі кеңес құрды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы мемлекеттік борышы шамамен 38,7 трлн теңге, яғни 77 млрд доллардан асты.
Мемлекеттік 8,7 трлн теңге, яғни шамамен 17 млрд доллар сыртқы борышы бар. Олардың басым бөлігі халықаралық қаржы ұйымдарынан алынған. Қазіргі берешек ЖІӨ-нің 24–25%-ына тең. Әлемнің дамушы елдері қарызды 40–50%-дан асырмауға тырысады.