Нұржігітов оңтүстіктегі негізгі бөгендер суға толмай қалуы мүмкін екенін ескертті

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов оңтүстік өңірлерде егін науқанында су тапшылығы туындауы мүмкін екенін мәлім етті.
Министрдің айтуынша, гидрологиялық модельдің есептеулеріне сәйкес, Сырдария және Талас өзендерінің бассейнінде су мөлшері көпжылдық нормадан төмен болады деген болжам бар. Сырдария өзенінің жекелеген бүйірлік салаларының учаскелерінде, сондай-ақ Шу өзенінің бассейнінде ғана су мөлшері норма шегінде болуы мүмкін.
«Іле өзенінің бассейнінде су ағыны норма шегінде күтіледі, ал жекелеген салалардың учаскелерінде су мөлшері көпжылдық нормадан жоғары болады деген болжам бар. Биылғы жылғы су шаруашылығы жағдайы 2025 жылғы құрғақшылықтың салдарынан қалыптасып отыр. Қазір модель деректері бойынша Сырдария, Шу, Талас және Іле өзендерінің бассейндерінде су ағыны қалыптасатын аймақта ылғал қоры біркелкі бөлінбеген», – дейді министр.
Нұржігітовтің сөзінше, негізгі ылғал қоры орта таулы аймақта қалыптасқан, ал биік таулы аймақта оның көлемі көпжылдық нормадан төмен. Көктемнің басында ауа температурасының жоғары болуы және жауын-шашынның басым түсуі жағдайында су көлемі артады деп күтіледі. Ал жазда өзендердің ағыны нормадан төмен болуы ықтимал.
«2026 жылғы вегетациялық кезең оңтүстік өңірлерде, әсіресе Арал-Сырдария және Шу-Талас бассейндерінде тәуекелдермен өтуі мүмкін. Атап айтқанда, Тоқтоғұл су қоймасының көлемі 7610 млн текше метр құрайды. Бұл өткен жылдың деңгейінен 1,5 миллиард текше метрге төмен. Энергия тапшылығы жағдайында су қоймасы күшейтілген режимде ағып жатыр. Осыған байланысты вегетация басында Тоқтоғұл су қоймасы жинақтау режиміне көшіріледі, тиісінше бұл Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарының қажеттіліктері үшін мемлекетаралық «Достық» каналы арқылы су жеткізуге кері әсерін тигізуі мүмкін», – дейді ол.
Министр облыс әкімдіктеріне су алу лимиттерін қатаң сақтау, оның ішінде күріш егісі бойынша белгіленген лимиттерді ескеру орынды деп санайды.