Қазақстанда 2030 жылға дейін 42 жаңа су қоймасы салынады, әзірге тек үшеуі аяқталған

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media архиві

Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров Қазақстанда 2030 жылға дейін 42 жаңа су қоймасын салу жоспарланғанын, бірақ қазірге дейін тек үшеуі ғана аяқталғанын хабарлады.

Оның айтуынша, Түркістан облысы аумағында Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасы салынған, оның сыйымдылығы 18,5 млн текше метр. Биыл осы облыста тағы екі су қоймасын аяқтап, ел бойынша бес жаңа су қоймасын салуды бастау жоспарланған. Жамбыл облысында да құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Журналистер вице-министрден 2030 жылға дейін барлық жобалар осы қарқынмен жалғасса, оны аяқтау мүмкін бола ма деп сұрады. Алдамжаров болса межелі жоспардың уақытылы орындалатынына сенімді.

«Иә, шынымен де бар. Су қоймаларын салу қаржыландыруға байланысты, бірақ қазір біз халықаралық қорлармен белсенді жұмыс жасап жатырмыз, бюджеттік қаражат та бөлініп жатыр. Біз 2030 жылға дейінгі жоспар жасадық және сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз», деді ол.

Вице-министр барлық 42 жоба бойынша дайындық жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бір жерде техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр, бір жерде жобалық-сметалық құжаттар жасалып жатыр, ал кейбірінде нақты құрылыс жұмыстары басталған.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің есебінше, елімізде 4 мыңнан аса су қоймасы тіркелген. Бірақ олардың көбінің жағдайы нашар, кейбірі 30-50 жылдан аса пайдаланылып келеді, тозған. Қоймалар мен ирригациялық жүйелерді қалпына келтіруге, цифрландыру жұмыстарын жүргізуге шамамен 2-3 трлн теңге қажет

Сондай-ақ оқыңыз