Жеңілдік режимі тоқтады: Қазақстанға электромобильдерді қалай әкелуге болады

2026 жылдан бастап Қазақстан үшін Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында электр көліктерін кедендік бажсыз әкелуге квота тоқтатылады. Мемлекеттік кірістер комитетінің маманының айтуынша, енді электромобильдерді ресімдеудің үш түрлі жолы бар.
Мемлекеттік кірістер комитетінің сауда-саттық емес айналымды басқару бөлімі бастығы Медет Медеубай атап өткендей, осыған дейін электр көліктерін Қазақстанға әкелу кезінде кедендік баждар мен салықтардан босатылған болатын. Бұл шешім Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) шешіміне сәйкес жүзеге асырылды. Сол кезде жыл сайынғы квота 15 мың көлікті құраған.
Алайда 2026 жылға арналған квота ұзартылмады, сондықтан электр қозғалтқышы бар көліктерді әкелу стандартты тәртіппен, яғни салықтар мен баж төлемдері төлеу арқылы жүргізіледі.
2026 жылдан бастап Қазақстанда электромобильдерді қалай рәсімдеуге болады
Мамандардың айтуынша, электр қозғалтқышы бар көлікті ресімдеудің үш негізгі жолы бар.
Тауар декларациясы арқылы, ДСҰ ставкалары бойынша
Бұл әдісті көбіне қазақстандықтар таңдайды. Бұл жағдайда кедендік алым 6 АЕК (шамамен 26 мың теңге). Қосылған құн салығы (ҚҚС) көліктің құнының 16%-ы мөлшерінде төленеді.
Сонымен бірге, мұндай көліктерге Қазақстаннан шығару және шетелге сату бойынша белгілі бір шектеулер қойылады.
ЕАЭО бірыңғай кедендік тарифі бойынша
Кедендік алым – 6 АЕК. ҚҚС мөлшері – 16%. Сондай-ақ көліктің құнының 15%-ы мөлшерінде импорттық кедендік баж төленеді.
Осы әдісті қолданған жағдайда, иесіне көлікті Қазақстаннан шығарып, шетелге сатуға құқық беріледі.
Жолаушыларға арналған кеден декларациясы арқылы
Бұл декларация бойынша рәсімдеу кезінде көліктің кедендік құнының 27%-ы мөлшерінде жинақталған кедендік төлем салынады.
Қазақстанға электромобильдерді әкелгенде неге назар аудару керек
Медет Медеубайдың мәлімдеуінше, шетелден электромобиль сатып алатын қазақстандықтарға құжаттарды мұқият тексеру қажет, әсіресе ТН ВЭД коды (сыртқы экономикалық қызмет тауарларының номенклатурасы) маңызды. Электромобиль мен гибридтің арасындағы айырмашылықты да ескеру қажет.
Қазақстанда электромобильді ресімдеу үшін келесі құжаттар талап етіледі: төлқұжат, тауар-тасымалдау құжаты, инвойс (халықаралық шот-фактура) және орау парағы.
Егер көлікті әкелгенде декларацияда қате баға немесе басқа мәлімет көрсетілсе, салық органдарына арыз жазуға болады.
Еске салсақ, осыған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов Еуразиялық экономикалық комиссия ЕАЭО елдеріне электромобильдерді кедендік бажсыз әкелу квотасын 2026 жылдың соңына дейін ұзарту туралы келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеген еді.