Украинамен соғыста Ресейдің қанша әскері қайтыс болды

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: РФ Қорғаныс министрлігінен

Украинадағы соғыстың төрт жылында 200 186 ресейлік әскери қаза тапқан. ВВС-дің орыс қызметі мен «Медиазона» тілшілері зерттеу жасап, осындай қорытынды жариялады.

Ең көп шығын еріктілер арасында тіркелген – 74 316 адам (37%). Одан кейін келісімшарт негізінде қызмет еткендер – 38 847 адам, сотталғандар – 21 405, мобилизациямен келгендер – 17 940 адам. Қалған 44 818 адамның жеке басын анықтау мүмкін болмады.

  • Қаза тапқандар саны бойынша бірінші орында – Башқұртстан. Бұл өңірде 9 331 әскери қаза тапқан.
  • Екінші орында – Татарстан (7 585 адам), ал үшінші орында – Свердлов облысы (6 700 адам).
  • Бестікті Краснодар өлкесі (6 236 адам) мен Челябі облысы (5 948 адам) түйіндейді.
  • Ал Мәскеуде шығын деңгейі Ресей бойынша ең төмен көрсеткіш саналады: әр 10 мың ер адамға шаққанда бес адам. Жалпы қаза тапқандар саны – 2 437.
  • Керісінше, экономикалық жағдайы әлсіз өңірлер – Бурятия мен Тывада бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғары. Бурятияда шығын деңгейі орташа көрсеткіштен 27 есе көп (4 524 адам), ал Тывада 33 есе жоғары (1 818 адам).

Қолда бар мәліметке қарағанда, басқыншылық басталғалы бері шамамен 7 мыңға жуық ресейлік офицер қаза тапқан, олардың 77%-ы – кіші буын командирлері (кіші лейтенанттан капитанға дейін). Сондай-ақ 13 генералдың қаза болғаны расталған.

Халықаралық ұйымдар мен батыс барлау қызметтерінің бағалауы бұдан да жоғары. Вашингтондағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (CSIS) есебінше, өткен жылдың соңына қарай Украинадағы соғыста 325 мыңға дейін ресейлік әскери қаза тапқан, жараланғандарды қоса есептегенде жалпы шығын 1,196 миллион адамға жеткен.

Ал америкалық орталық баяндамасында төрт жыл қырғында шамамен 1,2 млн ресейлік жауынгер қаза тапқан немесе із-түссіз жоғалған деп жазылған.

Бүгін – Ресей мен Украина арасындағы соғысқа төрт жыл толды. Осы уақыт ішінде Украина жағдайы қаншалықты өзгергенін мына жердегі материалдан толық оқи аласыздар.

Сондай-ақ оқыңыз