Жазасын бостандықта өтеп жүрген Самат Әбішке қандай бақылау қарастырылған

Ішкі істер министрлігі 8 жылға шартты түрде сотталған Самат Әбішке қандай бақылау жүргізіліп отырғанына қатысты ақпарат берді.
Самат Әбіш ісі
Самат Әбіш – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасары болған.
2024 жылдың наурызында сот оны 10 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырып, 8 жылға бас бостандығын шектеді. Оған пробациялық бақылау белгіленген.
Министрлік жауабы
KursivMedia бір жылға жуық уақыт ішінде Самат Әбішке қандай бақылау жүргізіліп жатқанын сұрап ІІМ-ге ресми сауал жолдады.
«(Самат Әбішке) пробациялық бақылауда тұрған сотталғандарға қатысты қолданыстағы заңнамада көзделген барлық бақылау және қадағалау шаралары қолданылады. Оның ішінде қашықтан мониторинг жүргізу, тұрғылықты жері бойынша тексерулер және өзге де бақылау түрлері бар», – деп жауап берді министрлік.
Алайда қазірге дейін пробациялық бақылау талаптарын бұзған-бұзбағаны туралы сұраққа нақты жауап бермеді. Тек заңнама талаптарына сәйкес сотталғанның жеке ісіне қатысты мәліметтер жарияланбайтыны айтылған.