Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтушылар көп тіркеле бастады

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: shutterstock

Жаңа салық кодексі толыққанды күшіне енуіне бір ғана апта қалды. Осы ретте Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Үкімет кулуарында елде өзін-өзі жұмыспен қамтушылар көп тіркеле бастағанын айтты.

Азамат Әмрин 1 наурызда жаңа салық кодексіне байланысты кәсібі бар азаматтардың қайсысы жалпыға ортақ салық жүйесіне немесе қаншасы жеңілдетілген жүйеге көшкені туралы мәліметтер айқын болатынын айтты.

«Бізде өзін-өзі жұмыспен қамтушылар деген жаңа салық режимі барын білесіз. Қазір сол санаттағы азаматтар көбірек тіркеліп жатыр. Бұл – бір салық режимінен екіншісіне ауысқан азаматтар емес. Олар бұрын салық жүйесінде мүлде болмағандар. Бір сөзбен кәсіпкерлік қызмет заңдастырылуда», – деді ол.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға жаңа режим енгізілді. Бұл режим жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген ел азаматтарына және қандастарға қолжетімді.

Арнайы режимге ауысу үшін келесі талаптарға сай болу қажет: айлық табыс – 300 АЕК-ге дейін (2026 жылы 1 297 500 теңге), қызметкерлер болмауға тиіс және белгілі бір қызмет түрлері бойынша ғана кәсіп жүргізу керек.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жеке табыс салығын (ЖТС) төлеуден босатылған. Олардың жалғыз міндеттемесі – тапқан табысының 4%-ы мөлшерінде бірыңғай әлеуметтік төлем аудару (МЗЖ – 1%, ЖМЗЖ – 1%, ӘТ – 1%, МӘМС – 1 %).

Интернет платформаларда жұмыс істейтіндер үшін (мысалы, Яндекс, InDrive, Glovo, Wolt) әлеуметтік төлемдерді есептеу мен аударуды әр платформаның операторлары жүзеге асырады.

Сондай-ақ оқыңыз