Қайтарылған актив — «Kundybai Mining» үлесін арзан бағаға сатқалы жатыр

«Kundybai Mining» тау-кен компаниясы акцияларының 20% үлесі кем дегенде 43,6 млн теңгеге сатылады. Электронды сауда порталындағы аукцион 12 наурызда өтеді.
Қостанай облысы аумағындағы Құндыбай кен орнын игерумен айналысатын компания үлесі арзан бағаға ұсынылды. 2025 жылғы желтоқсанда акциялар 51,3 млн теңгеге өтпей қалған.
«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» (KUVA) оны тағы да саудаға шығарды. Бұл жолы активтің нарықтағы құнынан 7,7 млн теңгеге арзан баға ұсынылды. Активтің аукциондағы бастапқы бағасы – 43,6 млн теңге. Саудаға қатысу үшін 6,5 млн теңге кепілпұл төлеу қажет.
Компания барлығы 215 мың акция шығарса, солардың 43 мың қарапайым акциясы аукционда сатылады.
Sauda порталында нысан орналасқан орындап ретінде Алматы қаласы, Төле би көшесі, 63 үй көрсетілген.
eGov мәліметінше, «Kundybai Mining» акционерлік қоғамы Алматы қаласында 2011 жылғы 11 қазанда тіркелген. Шамамен жарты жылдан соң – 2012 жылғы 9 сәуірде қайта тіркеуден өткен. Компания басшысы – Руслан Хасанов. Акционерлік қоғамның жалғыз құрылтайшысы бар, бірақ eGov оның нақты кім екенін көрсетпейді. «Kundybai Mining» геологиялық барлау мен зерттеу жүргізумен айналысады.
«Kundybai Mining» аукционға түсетін күні, яғни 12 наурызда «ескі» Қазақстан шенеуніктері мен байлары тұрған пәтерлер арзан бағаға сатылады. Ал ертесіне 158 млн теңгенің гауһар сырғасы мен 214 млн теңгенің сағаты саудаланады.
Бұған қоса, KUVA экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыдан қайтарылған Kaisar Plaza ғимаратын кем дегенде 61,5 млрд теңгеге өткізгелі жатыр.
2026 жылғы 20 ақпанда экс-премьер Кәрім Мәсімовтің самурай қылышы жеті есе қымбат бағаға сатылған.