BYD Denza B8 ең қауіпсіз көлік санатына енді

BYD компаниясының ірі жол талғамайтын моделі BYD Denza B8 ANCAP краш-тестінде бес жұлдызға ие болды.
Denza B8 жаңа модель ретінде қауіпсіздік сынақтарының көпшілігінде жақсы қорғаныс деңгейін көрсетті. Айта кетейік, бұл көлік Қытайдың ішкі нарығында Fang Cheng Bao Leopard 8 (Bao 8) атауымен сатылады.
Алты және жеті орындық конфигурация
Жол талғамайтын көлік Қытай нарығына 2024 жылдың қарашасында 379 800 юань (шамамен 54 970 АҚШ доллары) бастапқы бағамен шықты. Ұзындығы – 5,2 метр. Бұл SUV-тің жол саңылауы 310 мм-ге дейін жетеді. Көлік қосылатын гибридті қондырғымен жабдықталған, Қытайдағы нұсқасының жиынтық ең жоғары қуаты – 550 кВт (738 а.к.). Жақында модель Аустралияда да алты және жеті орындық конфигурацияда тапсырысқа қолжетімді болды.
ANCAP краш-тесттерінің қорытындысы
Балалар қауіпсіздігі санатында көлік ең жоғары нәтижені көрсетіп, 95% жинады. Алдыңғы офсеттік соққы мен бүйірлік соққы сынақтарында қорғаныс деңгейі жақсы болды. Дегенмен үшінші қатардағы орындықтарда жоғарғы қауіпсіздік белдіктерінің болмауына байланысты бірнеше ұпай жоғалтты. Соның салдарынан үшінші қатарға балалар креслосын орнату ұсынылмайды.
Ересек жолаушыларды қорғау көрсеткіші 86% болды. Толық алдыңғы соққы кезінде жүргізушінің мойын және кеуде тұсының қорғанысы жеткілікті деп бағаланды. Алайда қиғаш бағанаға соғылу сынағында қорғаныс деңгейі төмен болып шықты.
Кемшіліктері қандай?
Жол қозғалысының осал қатысушыларын қорғау санатында 75% нәтиже тіркелді. Бұл алдыңғы әйнек тіректерінің, әйнек түбінің және капоттың алдыңғы жиегінің қаттылығын бағалау кезінде алынған аралас нәтижелерге байланысты. Көп жағдайда артқы тұсының қорғанысы жеткіліксіз деп танылды.
Жүргізушіге көмек жүйелері сегментінде Denza B8 78% алды. Автономды шұғыл тежеу (AEB) сынақтарында жалпы жақсы нәтиже көрсетті. Алайда жүргізуші алаңдағанда, шаршағанда немесе әрекет етпеген жағдайда көлік басқаруға араласпайды. Сонымен қатар жолақтан шығу туралы ескерту жүйесі (LDW) ANCAP талаптарынан өте алмады.
Айта кететін жайт, Haval H9 көлігінің 2026 жылы қандай өзгеріске түскені белгілі болды.