Құбырға дрон шабуылы: Трамп әкімшілігі қазақ мұнайы үшін Украинаға ескерту жасады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Донольд Трамп бастаған АҚШ әкімшілігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалына жасалған шабуылға байланысты Украина тарапына ресми наразылық білдірген.

Дрон соққыларының салдарынан америкалық алпауыт компаниялардың Қазақстанда өндіретін мұнайының экспорты іркіліске ұшыраған. Bloomberg басылымының жазуынша, Украинаның АҚШ-тағы елшісі Ольга Стефанишина ресми Вашингтонның бұл әрекетті «америкалық инвестицияларға нұқсан келтіру» деп бағалағанын жеткізді.

Вашингтон талабы қандай

АҚШ Мемлекеттік департаменті Киевке жолдаған демаршында кез келген әскери операцияның батыс бизнесіне тигізер экономикалық зардабын ескеруді қатаң талап еткен.

Елші Стефанишинаның айтуынша, америкалық тарап «АҚШ мүддесіне қайшы келетін шабуылдардан бас тарту» қажеттігін ашық меңзеген.

Дегенмен, бұл ескерту Ресейдің әскери-энергетикалық нысандарына жасалатын жалпы соққыларға тыйым салмайды, тек АҚШ экономикасына тікелей зиян келтіретін стратегиялық нысандарды айналып өтуді көздейді.

Мұнай құбырына шабуыл

Каспий құбыр консорциумы – Қазақстан мұнайының 80%-ға жуығын экспортұа тасымалдайтын негізгі күретамыр.

Тасымалданатын шикізат негізінен «Теңіз», «Қарашығанақ» және «Қашаған» кен орындарынан алынады, ал оларды игеруге Chevron, ExxonMobil, Shell және Eni сияқты әлемдік компаниялар қатысады.

Құбыр инфрақұрылымы 2025 жылдың ақпан, қыркүйек және қараша айларында бірнеше рет дрон шабуылына ұшырған.

Әсіресе, 2025 жылғы 29 қарашадағы дрон шабуылы ВПУ-2 айлақтық құрылғысын істен шығарды.

Қазақстан үкіметі украин дрондарының құбыр нысандарына жасаған шабуылын сынап, ресми наразылық білдірді. Алайда Украина бұл соққылар Қазақстанға емес, Ресейдің энергетика нысандарына бағытталғанын мәлімдеді. Кешен істен шығып қалғаннан соң, қазақ үкіметі мұнай экспорттайтын балама бағыт іздеуге көшті.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуы бойынша, құбырға жасалған шабуыл салдарынан мұнай өндірісі 500 мың баррельге қысқарып, Қазақстан 100 млн доллар шығын шеккен.

Ал 2026 жылдың қаңтарындағы соққы екі бірдей мұнай танкерін зақымдап, жағдайды одан сайын ушықтырып жіберді.

Терминалдағы апат Қазақстанды мұнай өндірісі мен тиеу көлемін шұғыл азайтуға мәжбүр етті.

Қазіргі таңда КҚК акционерлік құрамында Ресейдің «Транснефть» (24%) және Қазақстанның «ҚазМұнайГаз» (19%) компанияларымен қатар, Chevron (15%), LUKARCO B.V. (12,5%) және басқа да халықаралық консорциумдардың үлесі бар.

Сондай-ақ оқыңыз