Эпштейн ісі парламентте: «ескі Қазақстан» шенеуніктерін тексеруді сұрайды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Эпштейн құжаттары
коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейн төңірегіндегі жанжал Қазақстан парламентіне енді жетті. Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов құзырлы органдарға сауал жолдап, атышулы кәсіпкерге қатысы бар қазақ шенеуніктерін тексеруді сұрады.

Назарбаев дәуіріндегі шенеуніктерді тексеруді ұсынды

25 ақпанда парламентте оқылған депутат сауалы Бас прокурор Берік Асыловқа, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевқа жолданды.

Депутат Рақымжанов Эпштейн құжаттары халықаралық резонанс тудырғанын, оның ішінде «ескі Қазақстандағы» саяси элита өкілдерінің есімі аталғанын мәлімдеді. Төменгі палата депутаты даулы тақырыпты елемей өте салуға болмайды деп есептейді. Себебі бұл шенеуніктердің жеке өміріне емес, мемлекет беделіне қатысты мәселе.

«Қазақстан азаматтары ел тағдыры кімдердің қолында болғанын, күмәнді жабық клубтарда мемлекет беделі саудаланбағанын білуге құқылы», – деп мәлімдеді Рақымжанов.

Депутат құқық қорғау органдарынан қазақ шенеуніктері қандай мақсатта Эпштейнмен байланыс орнатқанын анықтауды сұрайды. Бұған қоса, олар құпия мәліметтерді берген-бермегенін анықтауды ұсынды. Сонымен бірге Рақымжанов күмәнді байланыстардың мемлекет шешімдеріне әсер еткен-етпегенін де білгісі келеді.

Эпштейн файлдары
Эпштейн файлдары 2026 жылы ең көп талқыланған тақырыптардың біріне айналды / фото: shutterstock

Рақымжанов қана емес, парламенттегі басқа да заң шығарушылар Эпштейн ісінің тергелгенін сұрап отыр. Мәселен, мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек даулы құжатта аталған тұлғаларды тексеруді талап етіп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы 30 қаңтарда АҚШ Әділет министрлігі Джеффри Эпштейнге қатысты 3 млн құжат жариялаған. Олардың ішінде Қазақстанның саяси элитасы өкілдерінің аты-жөні аталған.

Бұл уақытта Ұлыбритания үкіметі қазір тергеліп жатқан Эндро ханзадаға қатысты құжаттарды жариялау жөнінде шешім қабылдады. Ағылшын патша отбасының өкілі Эпштейнмен ғана емес, қазақ саяси элитасымен байланыс орнатқан. Лондон 2026 жылы жариялайтын құжаттарда да қазақ шенеуніктерінің есімі аталуы әбден мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз