Аш киіктер ауылдарға кіріп жатыр: Экология министрлігі түсіндірме таратты

Әлеуметтік желіде киіктердің елдімекендерге кіріп кеткені түсірілген видеолар таралып жатыр. Осыған байланысты Экология министрлігі ресми мәлімдеме жасады.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің хабарлауынша, қыс мезгілінде киіктердің жекелеген аумақтарда қырылуы және олардың уақытша елдіекендерге жақындауы – табиғи құбылыс. Бұл жағдайлар ауа райының күрт өзгеруімен және азық қорының шектелуімен байланысты.
«Киік ауа райы мен азықтық жағдайлардың өзгеруіне сезімтал қоныс аударатын түр болып табылады. Температураның күрт төмендеуі, қатты аяз, қардың көп түсуі және топырақ бетінде мұз қабығының пайда болуы жағдайларында жануарлардың азықтық базаға кіруі шектеледі. Әлсіреген түрлері дәстүрлі көші-қон бағыттарынан ауытқып, қолжетімді азық пен қолайлы жағдайлар іздеу үшін елді мекендерге кіре алады, – делінген хабарламада.
Қазақстандық биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылым жөніндегі директоры Сергей Скляренконың айтуынша, киіктер үшін ең қауіпті кезең – жұт. Қар бетінде мұз қабаты пайда болған кезде жануарлар шөпке жете алмай қалады. Кеңес кезеңінде киіктерді ұшақпен азықтандыру тәжірибесі болғанымен, оның тиімділігі төмен болған.
Ғылыми деректерге сәйкес, қолайлы қыс жағдайында аталық киіктердің табиғи қырылуы 5–10% болса, қатаң қыста бұл көрсеткіш 50–70%-ға дейін жетуі мүмкін. Популяция саны шамамен 2 млн басқа жеткен жағдайда аталықтардың үлесі 20% шамасында, яғни қыс басында 400 мыңдай аталық болуы ықтимал. Соның ішінде табиғи өлім көрсеткіші кемінде 20–40 мың басқа дейін жетуі мүмкін.
Министрлік өкілдері киіктердің табиғи қырылуы дала экожүйенің бір бөлігі екенін атап өтті.
Айта кетейік, Қазақстанға халықаралық нарықта киік мүйізін сатуға рұқсат етілді.