Шетелдік ғалымдарға қазақстандықтарға қарағанда 50 есе көп ақы төленген

Елде ғылыми сарапшы қызметінің құнын есептеу бойынша жаңа әдістеме бекітілді. Бұған дейін шетелдік мамандарға бірнеше есе жоғары жалақы төленіп келген. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі хабарлады.
«Еңбекақыдағы айтарлықтай теңсіздік жойылды, бұған дейін шетелдік мамандарға шамамен 400 мың теңге төленсе, отандық сарапшылар орта есеппен 8 500 теңге алған. Еңбекақы төлеуге бірыңғай тәсіл енгізілді, ол тең жағдайларды қамтамасыз етеді және Ұлттық сараптамалық әлеуетті нығайтады», – делінген ақпаратта.
Ведомство жүргізген тексеріс ғылыми сарапшылар жұмысының формалды түрде атқарылғанын да анықтады. 13,5 мың ғалымның 75%-ы өз міндетін орындамаған, ал кейбірі сараптаманы үстірт жүргізіп, жекелеген үміткерлердің пайдасына нәтижелерді бұрмалаған.
«30 зерттеу бойынша объективтілік принциптерінің бұзылуы анықталып, олардың жалпы құны 11,5 млрд теңгені құрады», – деп хабарлады агенттік.
Мұндай жағдайдың алдын алу үшін Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығында жарияланымдар мен грант нәтижелерін цифрлық есепке алу жүйесі іске қосылды.
Бұған дейін SCImago сараптама платформасы әлем елдерінің ғылыми белсенділігі туралы зерттеуін жариялады. Халықаралық рейтингте Қазақстан 243 ел мен аумақ ішінде 69-орынға тұрақтады.