Мәскеу соты қазақстандық банкті 470 млн рубль өтемақы төлеуге міндеттеді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Сот шешімімен Bank RBK ресейлік компанияға 470 млн рубль төлейді/ Фото: 2gis

Мәскеу төрелік соты Стокгольм арбитражының шешімін мақұлдап, қазақстандық Bank RBK акционерлік қоғамын ресейлік компания пайдасына 470 млн рубльден астам қаражат төлеуге міндеттеді. Бұл туралы сот қаулысына сілтеме жасай отырып «Бычий звонок» телеграм-арнасы жазады

Даудың төркіні мен сот шешімі

Ресейдің «Информтехника и Промсвязь» компаниясы мен «Grand Telecom» ЖШС арасындағы келісімшарт бойынша банк кепілдігінің орындалмауы дауға негіз болған. Сот шешіміне сәйкес, банк келесі төлемдерді өтеуге тиіс:

  • 419 млн рубль – негізгі қарыз;
  • 59,4 млн рубль – тұрақсыздық айыбы;
  • рубль мен еуро түріндегі төрелік шығындар;
  • Қазақстан Ұлттық банкінің мөлшерлемесі бойынша есептелген пайыздар.

Банктің уәжі қандай

Сот процесі барысында Bank RBK юрисдикция мәселесіне күмән келтіріп, санкция шектеулері мен қоғамдық тәртіптің бұзылуына сілтеме жасай отырып, істі тоқтата тұруды өтінген.

Алайда Мәскеу соты бұл уәждерді негізсіз деп танып, банктің Ресей аумағында активтері бар екенін растады.

Сот шешімін мәжбүрлеп орындату туралы атқару парағы берілген. Енді аталған соманы өндіріп алу банктің Ресей аумағындағы шоттарындағы қаражат есебінен жүзеге асырылуы мүмкін.

Bank RBK – актив көлемі бойынша орта деңгейлі, бірақ ықпалы бар банк. Соңғы жылдары меншік құрылымы бірнеше рет өзгерді. «КСС ФИНАНС» ЖШС арқылы түпкі акционері -миллардер Владимир Ким. Жақында банк 2017 жылдары мемлекеттен алған көмек ақшаны толық қайтарды.

Сондай-ақ оқыңыз