Енді мерзімі өткен жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыруға болады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Коллаж: kursiv.media архиві

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі автокөлік жүргізушілеріне арналған жаңа сервисті іске қоспақ. Ведомствоның ресми сайтында хабарланғандай, биылғы жылдың сәуір айынан бастап жүргізуші куәлігін оның жарамдылық мерзімі аяқталғаннан кейін де eGov.kz порталы және eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы ауыстыруға болады. Бұған дейін онлайн форматтағы қызмет тек қолданыстағы құжат болған кезде, сондай-ақ жоғалған, ұрланған немесе аты-жөні өзгерген жағдайда ғана көрсетілетін.

Министрліктің мәліметінше, жаңашылдық жүргізуші куәлігінің барлық санатына қатысты. Куәліктің қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін, оны ауыстыру кезінде көлік құралын басқаруға рұқсат алу үшін міндетті медициналық тексеруден өту талабы сақталады. Медициналық тексеруден өткен пайдаланушылар өтініш берген сәтте олардың мәліметтері мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде жүктеледі. Ал егер пайдаланушы куәлікті мерзімі аяқталғанға дейін (алдын ала) жаңартса, медициналық тексеруден өту талап етілмейді.

Қызмет көрсету мерзімі – 60 минут. Өтінішті eGov.kz порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы беруге болады.

eGov.kz порталы арқылы жүгінген жағдайда:

  • порталға авторизациядан өтіп, «Азаматтарға» – «Көлік және коммуникациялар» – «Автомобиль көлігі» бөліміне өту;
  • «Жүргізуші куәліктерін беру» қызметін таңдау;
  • дайын құжатты алу үшін ХҚКО-ны көрсету және фотосуретті жүктеу (фотоға қойылатын талаптармен танысу);
  • қолтаңба үлгісін жүктеу және байланыс телефонын көрсету;
  • мемлекеттік баж салығын төлеу (1,25 АЕК, немесе 2026 жылы 5406 теңге). Өтініш қайта берілген жағдайда «Бұрын төленген» функциясын пайдалануға болады;
  • өтінішке қолжетімді тәсілдердің бірімен қол қою.

eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы жүгінген кезде:

  • eGov Mobile қосымшасында авторизациядан өтіп, «eGov Мемлекеттік қызметтер» – «Жүргізу және көлік» бөліміне кіру;
  • «Жүргізуші куәліктерін беру» қызметін таңдау;
  • фотосуретке қойылатын талаптармен танысып, файлды жүктеу;
  • қолтаңба үлгісін жүктеу немесе жазып, «Сақтау» батырмасын басу;
  • дайын құжатты алу үшін ХҚКО-ны көрсету және «Жалғастыру» батырмасын басу;
  • мемлекеттік баж салығын төлеу (1,25 АЕК). Өтініш қайта берілген жағдайда «Бұрын төленген» функциясын пайдалануға болады;
  • өтінішке қолжетімді тәсілдердің бірімен қол қою.

Қызмет көрсету нәтижесі eGov.kz порталындағы жеке кабинеттегі «Хабарламалар» бөлімінде және eGov Mobile қосымшасындағы «Хабарламалар» – «Жеке кабинет тарихы» бөлімінде көрсетіледі.

Дайын құжатты таңдаған ХҚКО-дан жеке куәлікті ұсыну арқылы алуға болады.

«Жақын арада жүргізуші куәлігін ауыстыру қызметін толықтай онлайн форматқа кезең-кезеңімен көшіру жоспарлануда. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап өтінімдерді электронды түрде беру тәсіліне басымдық беріледі, бұл ХҚКО-ға барудан бас тартып, ондағы кезектерді азайтуға мүмкіндік береді. Қызметтің онлайн форматта бұрыннан қолжетімді әрі сұранысқа ие екенін ескерсек, бұл қадам процесті цифрландырудың қисынды жалғасы болмақ», – деді Цифрлық даму және жасанды интеллект вице-министрі Ростислав Коняшкин.

Өтінім беру барысында кейбір жағдайларда пайдаланушы құжатының деректері мемлекеттік ақпараттық жүйелерде цифрландырылмаған болуы мүмкін. Мұндай жағдайда тиісті хабарлама көрсетіледі және деректерді жаңарту үшін ХҚКО-ға жеке жүгіну қажет болуы ықтимал.

Сондай-ақ жүйе берешектердің бар-жоғын автоматты түрде тексереді. Егер жүргізушінің 30 күннен астам уақыт бұрын салынған, төленбеген айыппұлы болса, ол толық өтелгенге дейін куәлікті ауыстыру мүмкін болмайды.

Осыған дейін Ішкі істер министрлігі көлік жүргізуді үйрететін жеке курстардың жұмысына қатысты маңызды мәлімдеме жасады. ІІМ атап өткендей, болашақ жүргізушілерді дайындау тек лицензиясы бар автомектептерде жүргізілуге тиіс. Курстың оқу бағдарламасының ішінде міндетті түрде практикалық сабақтар кіреді. Жүргізу дағдыларын тек онлайн форматта толық меңгеру мүмкін емес.

Сондай-ақ оқыңыз