Зорлық туралы анасы жарты жылдан кейін білген: Закиева Алматыдағы іске араласты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Жағдайға қатысты уәкіл ақпарат таратты/фото: shutterstock

Елдегі бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева кәмелетке толмағандарды зорлауға қатысты істер туралы ақпарат берді. Ішінде Алматы, және Батыс Қазақстан облысындағы жағдайларға тоқталған. Алматыдағы іс бойынша айыпты қайта саралауға қатысты прокуратураға жүгінген.

Алматыдағы жағдай

Закиеваның айтуынша, 2025 жылдың желтоқсанында қылмыстық іс өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын көздейтін бап бойынша сотқа жолданған. Алайда сот процесі барысында айып жазасы жеңілірек бапқа қайта сараланған.

«Осыған байланысты прокуратураға жүгіндік. Ішкі істер министрлігімен, қыздың анасымен және адвокат Ләззат Ракишевамен байланыстамыз. Қыз қазір қауіпсіз жерде, мекемеде. Психологиялық қолдау орталығы анасы мен қызын шақырды», – деді омбудсмен.

Істің мән-жайын бұған дейін адвокат Ләззат Ракишева жариялады. Сөзінше, қылмыс 2025 жылдың қыркүйегінде жасалған, жәбірленуші ол кезде 13 жаста болған. Күдікті – қыздың әкесінің досы.

Дәл осы кезде қыздың анасы мас болып көлік жүргізгені үшін колонияда жазасын өтеп жатқан. Адвокаттың айтуынша, қыздың зорлық-зомбылық құрбаны болғаны туралы әйелге бірде-бір мемлекеттік орган хабарламаған. Әйел бұл туралы тек алты ай өткен соң білген.

«Осы 6 ай ішінде қыздың жанында туыстары, қылмыскердің адвокаттары мен әкесі болған, олар болған жайтқа қыздың өзі кінәлі деген. Жарты жылда қызға ешқандай психологиялық көмек көрсетілмеген. Ол сотта берген жауабын толық өзгертті», – дейді Ракишева.

БҚО-дағы шенеунікке қатысты іс

Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданында мемлекеттік қызмет атқарған ер адамға қылмыстық кодекстің 120-бабы 3-1-бөлігі 1-тармағы негізінде іс қозғалған

Жергілікті полицияның хабарлауынша, тергеу нәтижесінде кәмелетке толмағанға қатысты күш қолдану фактісі анықталмаған.

Қыздың өзі және анасы күдіктіге қатысты қандай да бір шағымы жоқ екенін, қарым-қатынастың өзара келісім негізінде болғанын айтқан.

Күдікті аудан әкімдігі бөлімдерінің бірінде қызмет атқарған. Арыз тіркелгеннен кейін ол атқарып отырған қызметінен босатылды.

Динара Закиеваның айтуынша, қыз бен оның ата-анасы психологиялық көмектен бас тартқан. Жергілікті уәкіл отбасымен байланыста. Тергеу жалғасып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз