«Жоғары бағалаймыз»: ISU Надежда Парецкаяға қатысты пікір білдірді

Халықаралық конькишілер одағы (ISU) мәнерлеп сырғанаудан қазақстандық арбитр Надежда Парецкаяның бағалауына қатысты пікір білдірді. Осыған дейін Парецкая Шайдоров пен Самоделькинаға өте төмен баға қойды деп БАҚ-та дау туындаған еді.
Желіде ISU-дың Қазақстан мәнерлеп сырғанау федерациясына жазған хаты жарияланды. Онда халықаралық ұйым Надежда Парецкаяның жұмысына жоғары баға берген.
«Халықаралық конькишілер одағы (ISU) Олимпиада ойындарындағы төрелігіңіздің ұйым ережелеріне толық сай келетінін, ешқандай жаққа тартпай, әділ өткенін ризашылықпен атап өтеді. ISU Қазақстандағы БАҚ немесе қоғам тарапынан қысқы Олимпиададағы төрелігіңізге байланысты сізге көрсетілген кез келген қысым мен қудалау әрекеттерін қатаң айыптайды», – деп жазылған хатта.
Қазақстандыққа төмен баға
Осыған дейін Қазақстан атынан төрешілік еткен маман Надежда Парецкаяға қатысты жанжал туған еді. Бірқатар БАҚ ол өзге спортшыларға жоғары баға, ал қазақстандық Шайдоров пен Самоделкинаға төмен баға қойды деп айыптады. Бірақ кейінірек желіге мәнерлеп сырғанауда барлық төрешінің бағалары жарияланды.


Осы кестеден Қазақстан төрешісі Шайдоровқа өзгелермен салыстырғанда жоғары баға қойғаны байқалады. Ал Самоделкинаға Парецкая 70 балл қойғанмен, өзге төрешілер одан да төмен балл ұсынған.