Жол ережесі айыппұлының 50% жеңілдігі жойыла ма – ІІМ жауабы

Жол қозғалысы ережелерін бұзғандар үшін 50 % жеңілдік алып тасталатын болды ма? Бұл мәселеге қатысты Ішкі істер министрлігі түсініктеме берді. Бұл туралы Kursiv.Media LS басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Айта кетейік, өткен жылы сенатор Марат Қожаев айыппұлға жеңілдік жасау шараларына өзгеріс енгізу туралы бастама көтерген болатын. Депутат 10 реттен артық жол ережесін бұзған көлік иелеріне теориялық емтиханды қайта тапсыруды міндеттеуді талап етіп, тіпті қажет болса, жиі жол ережесін бұзатындарды куәлігінен айыру тетігін қарастыруды сұраған.
Алайда ІІМ бұл бастама әзірге жүзеге аспайды деп мәлімдеді.
«Ұсыныс заң жобасына Үкіметтің қорытындысы аясында қаралды. Алайда қазіргі кезеңде ол қолдау таппады. Себебі тетікті нақты айқындау қажет. Яғни, қандай құқықбұзушылықтар есепке алынатыны, оларды қауіптілік деңгейі бойынша қалай жіктеу керек және шектеу қалай қолданылатыны анық жазылуға тиіс», – деп хабарлады ІІМ.
Десе де, министрлік сенатордың жүргізушілердің жүйелі құқықбұзушылықтары үшін жауапкершілікті арттыру туралы ұсынысын толығымен құптап отыр. Жолдағы тәртіпті арттыру, әсіресе жол-көлік оқиғалары азаймай отырған жағдайда, бұл басым бағыттардың бірі болып қала береді.
Қазіргі қорытынды бойынша, 50% жеңілдік сақталады. Дегенмен өрескел әрі жүйелі құқықбұзушылар үшін ережелер болашақта өзгеруі мүмкін.